Тоқаев: «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық»
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның өзгеруіне қатысты пікірін білдіріп, ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда конституциялық реформаның маңызды тұстарын айтқанын еске салды. Оның айтуынша, қоғамда Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жарты жылдан бері жүріп жатыр.
«Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін атап өтті. eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскен. Комиссия барлық өтінішті мұқият қарап, тиісті түзетулерді әзірлеген.
«Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз „Халық үніне құлақ асатын мемлекет“ ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев жаңа Ата Заңның еліміздің тың қарқынмен өркендеуіне, әр азаматтың жағдайының тұрақталуына ықпалы болатынын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ. Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады» – деді Президент.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0