Трамп 8 мамырды жеңіс күні деп жариялады

Мамыр 8, 2025 - 10:43
Мамыр 8, 2025 - 11:43
Трамп 8 мамырды жеңіс күні деп  жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп ресми түрде жариялады. Мұндай ақпарат 7 мамыр күні Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Трамп бұған дейін Truth Social әлеуметтік желісінде 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні, ал 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп жариялайтынын жазған еді. Сол жолы Трамп: "АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету жолында кез келген басқа елге қарағанда көбірек еңбек сіңірді", — деп мәлімдеген.

Нацистік Германия жеңілгені туралы капитуляцияға қол қойған 1945 жылдың 8 мамырын АҚШ-та әдетте Еуропадағы Жеңіс күні немесе Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған күн деп атайды, бірақ осы кезге дейін АҚШ-та ол ресми мәртебеге ие болмаған. Трамптың жарлығында 8 мамыр нацистік Германияны ғана емес, жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп белгіленіп отыр.

Мәлімдемеде бұл күн "әлем тарихындағы еркіндік күштерінің ұлы жеңістерінің бірі" — ұлтшыл-социализм мен фашизмді жеңген күн ретінде атап өтілетіні айтылған. Оған қоса АҚШ-тың соғысқа қалай қатысқаны жөнінде егжей-тегжейлі баяндалған.

"Америкалық сарбаздар жанкешті ерлік көрсетпегенде бұл соғыста жеңіске қол жетпеген болар еді, әрі бүгінгі әлем де мүлде басқаша болар еді", — деп жазылған Трамптың мәлімдемесінде. Оған қоса, АҚШ "елінің, бостандығы мен Батыс өркениетінің өміршеңдігі жолында өмірін құрбан еткен әркімнің рухына тағзым етеді" деп жазылған. Трамп тарихта, ең алдымен, бітімгер ретінде қалғысы келетінін де мәлімдеген.

Кейін Ақ үйде сөйлеген сөзінде президент Трамп АҚШ-тың бұл соғыстағы жеңісіне одақтастардың көмегі болғанын, олардың арасында Ресейді де атап өтті, алайда жеңіске, ең алдымен АҚШ-тың арқасында қол жеткенін тағы да атап айтты.

• АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағы (оның құрамында Ресей, Украина және өзге де советтік республикалар болған) — нацистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқан. Жеңімпаз елдер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар ұйымына енді. Жеңіске кім шешуші үлес қосқан деген мәселеге тарих ғылымында әлі күнге дейін біржақты кесімді жауап жоқ. Совет одағының адам шығыны Батыс одақтастарының шығынынан бірнеше есе көп болған. Ал АҚШ соғыс уақытында керек-жараққа бөлінген материалдық ресурстар көлемі бойынша одақтастарынан алда тұр. Ресей билігі нацизмді талқандауда шешуші үлесті Совет одағы мен оның ең ірі құрамдас бөлігі ретінде Ресей қосты деп ресми түрде мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow