«Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей кінәлі»: Әлиев Ақтаудағы ұшақ апаты жайлы
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлиев ұшақ апатынан қаза тапқан экипаждың отбасы мүшелерімен және тірі қалған бортсеріктермен кездесуде мәлімдеме жасады.
"Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз", - делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.
Ильхам Әлиев қазір қара жәшіктерді ашу процесі жүріп жатқанын мәлімдеді.
"Алғашқы сәттен бастап Ресей Федерациясының ресми органдары осы трагедияны толық тергеуге тырысса, Мемлекетаралық авиация комитетінің қара жәшіктерді ашуына келісер едік. Біз бұл құрылыммен ондаған жыл бойы жұмыс істедік. Бұл құрылым посткеңестік кеңістіктегі авиациялық апаттарды тергеумен айналысады. Алайда оқиғаны жасыру және оны құстарға, газ баллонына жабу әрекеттерін көргеннен кейін менің де, Әзербайжан жұртшылығының да бұл құрылымның тергеуіне күмәні пайда болды", - дейді Ильхам Әлиев.
Әзербайжан президенті жақын арада жұртшылық алдын ала нәтижелерді білетініне және бәрі өз орнына келетініне сенімді.
"Трагедияның бар шындығы ашылады. Әрине, бұл қайғылы оқиғаны толық тергеуде және кінәлілерді жазалауда маңызды сәт болады", - деді Әлиев.
Сіздің реакцияңыз қандай?