«12 жыл беруге болатын еді»: Бишімбаевтың адвокаты жазаның әділетсіз екенін айтты

Ақпан 5, 2025 - 11:48
«12 жыл беруге болатын еді»: Бишімбаевтың адвокаты жазаның әділетсіз екенін айтты

Атышулы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінде адвокаты болған Назкен Құсайынова сұхбат беріп, қорғауындағы шенеуніктің жаза мерзімі әділетсіз болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тихий ужас» YouTube арнасына берген сұхбатында адвокат экс-министрге берілуі тиіс жаза мерзімі туралы өз ойын айтты.

«Үкім шығар алдын, судья жаза мерзімін айтқан кезде, аппеляцияға дайындық уақытында және жалпылай алғанда көптеген адвокат, тіпті депутаттар да пікірлерін айтты. Осы іске қызығушылығы жоқ адамдар қасақана өлім болмағанын айтты. Ол жерде максимум дегенде 106-баптың 3-тармағы бойынша қарастырылуы керек екенін айтып жатты. Ал ол бапқа сәйкес, денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда адам өлтіру бойынша көп дегенде 15 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.

Бұл істі о баста қолға алғанда Қуандықтың өзіне де, ата-анасына да бұл істе ақталып шығу мүмкін емес екенін айтқанмын. Жаза мерзімі болатынын, кінәсінен адам өлгенін түсінуі керек екенін жеткіздім. Алайда бұл жерде қасақана, нақты мақсатпен адам өлтіру жоспары болмағанын айттым», - деді адвокат.

Ол сөзін жалғай отырып, Бишімбаевтың ісінен әлдеқайда ауыр жағдайлар болған сот ісінде жаза мерзімі аз болғанын тілге тиек етті.

«Менің ойымша, 15 жылдан артық сотталмауы керек еді. Ол 8 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта қарастырылады (ҚК-нің 106-бабы бойынша). Біз берген құжаттар бойынша 12 жыл беруге болатын еді, тіпті көп дегенде 15 жыл. Бірақ одан көп болмауы тиіс еді.

Бұл іс те өзгелері сияқты қаралуы керек еді деп санаймын. Мысалы әлдеқайда ауыр жағдайларда, күйеуі әйелін көрпеге орап, өртеп жіберген, құлағын кесіп, ернін тігіп тастаған оқиғаларда аз жылға сотталады. Бізде неліктен заң бір адамға басқаша, екіншісіне тіптен бөлек жұмыс істейді? Бізде бірыңғай заң болуы керек. 24 жылға соттау заңсыз, әділетсіздік болды деп санаймын», - деді Назкен Құсайынова.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow