«Абай мен Ділдә неткен бөлме» деген блогер халықтан кешірім сұрады

"Сіздер — әкем, аға-әпкелеріммен қатар қауым үшін "Абайды қорлаған қыз" деген "атақпен" қаламын деп еш ойламаппын. Фейсбукте сирек отырамын, бірақ кешелі-бері өзім сыйлайтын, бой түзейтін кей азаматтардың жазбасын оқып жүрегім ауырып отырғаны... Осында тараған Қарқаралыдағы видеоның әбес болғанын мойындаймын. Оны ауылдағы әкем де ренжіп, ескертті. Сондықтан табалау емес, жанашырлықпен, орынды сын айтқан аға-әпкелерімнен кешірім сұраймын", - деп жазды ол желідегі парақшасында.
Журналист "Абайды қорлау мақсатында”, “қаралым үшін”, “топтар қаржыландырады” деген кей пікірлермен келісе алмайтынын атап өтті.
"Шын мәнінде, біз — қазақтың мәдениетін, тарихын барынша насихаттауға тырысып жүрген командамыз (өзім солай деп үміттенемін, әріптестер айтсын). АҚШ-қа оқуға кетпес бұрын қазақша контент, тарихи деректі фильмдер үшін біраз бизнес өкілдерінің есігін қағып, серіктестік ұсынатын едік. Қаншама презентация, пичиң өттік. Қолдағандар бірлі-жарым болды", - деп толықтырды ол.
Әлия Әшім елге оралған соң, үкіметтен, ешбір топтан ақша алмай, таза қазақ контентін коммерциализациялауға барын салғанын айтты.
"Қазіргі таңда Freedom Holding Corp., Bi Group, Aviasales, Sandyq Group, Halyq Bank іспетті ірілі-ұсақ біраз компаниялардың жарнамалық материалдарын жасап, одан түскен қаржыны тұтас ағартушылық жобаларға салып жүрміз. (ағартушылық жобаларға еш ұйымның ықпалы жоқ)", - деп түсіндірді ол.
Осы күнге дейін (таза өз қаржымызға) “Қонаев дәуірі”, “Біз неге орысша сөйлейміз?”, “Желтоқсан” деректі фильмдерін түсірген. Кейін дәл осы тақырыптарды әлеуметтік желіде барынша жастар қызығатындай формада беріп келген.
"Кей топтар қаржыландырады деп бөліскен видеодағы "құйрық-бауыр" туралы ақпарат “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабынан алынған. Видеоның астында сілтеме де болған еді. Ешкімнің лоббиінсіз, сол ақпарат негізінде жасалды. Ал Талғат Рысқұлбековпен фото — біздің болашақ жобамызға қатысты сұқбат барысында түсірілді.
"Желтоқсан" деректі фильмінен кейін сол кезде сотталған барлық аға-әпкеден сұқбат жазып қалуды мақсат тұттық. Өз қаржымызға, Қазақстанның барлық аумағын аралап, осы күнге дейін "Желтоқсан оқиғасы" кезінде сотталған 103 адамның 40-нан сұқбат жаздық. Әлі де осындай шамада сұқбат жазылады. Бұл — тарихи жадты сақтау, аға-әпкелердің көзі өтіп кетпей тұрғанда атқаруымыз қажет миссия деп іске кіріскенбіз", - дейді Әшім.
Ол Абайды мазақ ету, қазақтың мәдениет, тарихын қорлау ниеті болмағанын атап өтті.
"Керісінше, тарихи жадты қалпына келтіру, сананың деколонизациясы, өткенге жаңа рефлексия жасауға ниеттеніп, жастарға жобалар жасап келеміз. Әлі жасаймыз да. YouTube-те барлық жобаларымызбен таныса аласыздар. Ниетімді жеткізе алдым деп сенемін. Қолдауларыңыз, орынды сындарыңыз үшін рақмет!", - деп түйіндеді блогер.
Сіздің реакцияңыз қандай?






