Алматыда Студенттер сарайының төбесі опырылып түсті (ВИДЕО)
Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Желі қолданушыларының мәліметінше, оқиға 23 қыркүйек күні сағат 23:00-ден кейін болған. Видеодан Студенттер сарайы қаңқасының ішінен көтерілген шаңды көруге болады.
24 қыркүйекте университеттің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жариялады.
Университеттің мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде бірқатар елеулі ақау мен зақым болған жерлер анықталды, — деп хабарлады ҚазҰУ баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, тексеру барысында темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы, бағандардың коррозияға ұшырап, кей жерлерде қисаюы, ригельдер мен бағандардың түйісу орындарының бұзылуы, сондай-ақ темірбетон конструкцияларының майысуы мен деформациялары анықталған.
Университеттің хабарлауынша, анықталған ақаулардың басым бөлігін ғимараттың ішкі әруін бөлшектемей, оны сырттай анықтау мүмкін болмаған. Сол себепті кешенді реконструкция жүргізу қажеттігі туындағанын атап өтті.
Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңызын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, — делінген ресми мәлімдемеде.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0