Астана бүгіннен бастап жаңа жұмыс кестесіне көшті

Астанада бірнеше ұйым бүгіннен бастап жаңа жұмыс кестесіне көшті. Қала әкімдігі мәліметінше, бұл шешім жолдағы кептелісті азайту мақсатында қабылданған, деп хабарлайды sadaq.kz.
Бұл өзгеріс қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болмақ.
"Қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-да, Астана әкімдігінің қызметі де 7:30-да басталады, ал кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар жұмысты 7:30-8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталуы да сәйкесінше өзгереді", – деп жазылған хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚКО және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді.
Ал кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрынғыша 8:00-де басталады.
Айта кетейік, Астанада 2025 жылдың наурыз айында жұмыс кестесін өзгерту мәселесі көтерілді. Маусым айында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтер үшін жұмысты ертерек бастау қаралып жатқанын мәлімдеді. Депутат Асылбек Нұралин орталық билік органдары мен ұлттық компаниялардың жұмыс кестесін өзгертуді ұсынды.
"Таңғы уақыт әлдеқайда өнімді, ал жұмысты 07:00 немесе 08:00-ге ауыстыру жолдардағы қозғалысты жеңілдетеді", – деген еді мәжілісмен.
31 тамызда Астана әкімдігі жұмыс кестесінің өзгергенін жариялады. Жоғарыда хабарланғандай, жұмыс уақытын ертерек бастау көлік ағынын реттеп, магистральдарға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді деп күтуде.
Сіздің реакцияңыз қандай?






