Астанадағы LRT осы аптада іске қосылады

Мамыр 12, 2026 - 12:40
chat_bubble  0 visibility  2
Астанадағы LRT осы аптада іске қосылады
Фото: CTS

LRT көлік картасының құны – 1000 теңге, ал атаулы карта рәсімдеу бағасы – 1200 теңге, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Осылайша, елордада көптен күткен жеңіл рельсті көлік – LRT жобасы 16-17 мамыр күні іске қосылмақ. Мұндай қуанышты жаңалықты City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлім етті.

Бұл ауқымды жоба Астанадағы қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа жүйе халықаралық қауіпсіздік, жайлылық және тұрақтылық стандарттарына сай салынып отыр. LRT желісі толықтай эстакадалық үлгіде жүзеге асырылған. Яғни, пойыздар автомобиль жолдарымен және жаяу жүргіншілер ағындарымен қиылыспайды. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, кептеліс ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым. Бағыт Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы аумағынан басталып, Қабанбай батыр даңғылы арқылы өтіп, «Астана жұлдызы» стелласы, Mega Silk Way, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі, Ұлттық музей және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы секілді маңызды нысандарды байланыстырады.
Жоба аясында Есіл өзені арқылы ұзындығы 155 метр болатын аспалы көпір салынды. Көпірдің ені – 14 метр, биіктігі – 28 метр. Арка үлгісіндегі бұл құрылым қаланың жаңа инженерлік нысандарының біріне айналмақ.

LRT жүйесінде барлығы 18 станса қарастырылған. Оның 11-і – жердегі, ал 7-еуі – жер үсті стансалары. Әр бекетте эскалаторлар, лифттер, күту залдары, санитарлық тораптар және автоматтандырылған билет сату жүйелері орнатылады. Сонымен қатар, жолаушылардың рельске шығып кетуіне жол бермейтін арнайы қорғаныс жүйелері қарастырылған.
2025 жылдың 30 қыркүйегіндегі Астана қаласы әкімдігінің №511-3478 қаулысына сәйкес, стансаларға ресми атаулар берілді. Олардың қатарында «Әуежай», «Атамекен», «Есіл», «Мәңгілік ел», «Бәйтерек», «Ұлттық музей», «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» секілді атаулар бар.

Жүйеде турникеттері бар жабық төлем форматы енгізіледі. Жолаушылар платформаға тек төлем жасағаннан кейін ғана өте алады. Төлемнің бірнеше тәсілі қарастырылған: FacePay биометриясы, LRT көлік картасы, Visa және MasterCard банк карталары, Apple Pay және Samsung Pay, QR-код, сондай-ақ бір реттік билет.
LRT көлік картасының құны – 1000 теңге, ал атаулы карта рәсімдеу бағасы – 1200 теңге. 7 мен 18 жас аралығындағы оқушылар және заңнамада көрсетілген жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жол жүру тегін болады.

Жүйеге барлығы 19 құрам жеткізіледі. Оның 15-і тұрақты желіде жұмыс істесе, 4-еуі резервте сақталады. Әр құрамның ұзындығы – 60 метр, ені – 2,8 метр, биіктігі – 3,8 метр. Пайдалану жылдамдығы сағатына 60 шақырым болса, максималды жылдамдығы – 80 шақырым.

Ең басты ерекшелік – LRT құрамдары толықтай автоматтандырылған. Олар GoA 4 деңгейіндегі пилотсыз басқару жүйесімен жабдықталған. Бұл халықаралық стандарт бойынша автоматтандырудың ең жоғары деңгейі саналады. Пойыздар есіктерді ашу-жабудан бастап, қозғалыс пен тежеуді, депоға кіруді және арақашықтықты бақылауды оператордың қатысуынсыз орындай алады.

Төрт секциялы бір құрам толық жүктеме кезінде 600-ден астам жолаушы тасымалдай алады. Вагондарда LCD мониторлар, дыбыстық хабарлау жүйелері, төтенше жағдай батырмалары және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар қарастырылған.

Пойыз интерьерінде ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлестірілген. Орындықтар көк және қызғылт сары түсте жасалған. Қаптауда жоғары беріктігі бар органосиликатты былғары қолданылған. Жалпы отыратын орын саны – 148.

LRT жүйесі 750 вольттық байланыс рельстері арқылы жұмыс істейді. Бір құрам жүктемеге байланысты 750-ден 1000 вольтқа дейін энергия тұтынады.
Платформалар ұзындығы 70 метр болатын арнайы аймақтардан тұрады. Олар соққыға төзімді шынымен қоршалып, автоматты жылжымалы есіктермен жабдықталған. Бұл жолаушылар қауіпсіздігін күшейтеді.

Теміржол инфрақұрылымында халықаралық стандарттағы 1435 мм жолтабан қолданылған. Сонымен қатар, жіксіз рельстер жүйесі енгізілді. Бұл шешім шу мен дірілді азайтып, қозғалысты барынша жайлы етеді. Инновациялық DTVII2-1 рельсті бекіту жүйесі шуды 5-10 децибелге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

LRT депосы халықаралық әуежай ауданында орналасқан. Жалпы аумағы 16,84 гектар болатын кешенде вагондарды жөндеу, жуу, техникалық қызмет көрсету және персоналды даярлау жұмыстары жүргізіледі. Мұнда сондай-ақ Пилотсыз пойыздарды басқару орталығы мен Бірыңғай диспетчерлік орталық құрылған.

Жүйедегі аудиоақпараттандыру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Дыбыстауды қазақстандық әнші әрі композитор Карина Абдуллина орындаған. 
Жоба аясында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Эстакада толық қоршалып, бейнебақылау жүйелері орнатылған. Сонымен бірге қатты аяз жағдайында жұмыс істеуге арналған технологиялар енгізіліп, электр жабдықтары мен бағыттау жүйелері арнайы қорғалған.

Осылайша, LRT Астананың көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жоба толық іске қосылғаннан кейін елордадағы қоғамдық көлік қозғалысы әлдеқайда жылдам, қауіпсіз және ыңғайлы болмақ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0