«Бір жақ беті мүлде қозғалмайды»: Лифтіде пышақталған баланың қазіргі жағдайы белгілі болды

Астанадағы тұрғын үй кешенінің лифтінде жасөспірім пышақпен шабуыл жасаған бала жақында алты жасқа толады. Оқиғадан кейін балаға күрделі ота жасалған, ол ем алып жүр. Астана тұрғыны Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында баласының жағдайы туралы айтты.
Баланың анасының айтуынша, шабуыл салдары өте ауыр болған.
"Біз көп нәрседен өттік: инемен емделу, физиотерапия, оңалту. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ", - деді ол.
Бала оқиғадан кейін өзгеріп кеткен. Жалғыз қалудан қорқады, лифтке кіруден үзілді-кесілді бас тартады.
"Ол лифттен қорқады. Көшеге шықсақ, үнемі артына қарайды. Бұрын түнде тұрып, өзі су ішіп келетін, енді бізді шақырады. Жалғыз жүрмейді, жалғыз қалмайды", – деп жалғастырды анасы.
Әйел баласы жарты жыл бұрын қандай шат-шадыман бала болғанын еске алды. Қазір ол психологиялық көмек алып жатыр. Анасы да маманның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
"Біраз өз-өзіме келе бастадым. Бірақ бұл өте ауыр. Біз күнде сол оқиғаны бастан өткеріп жүргендейміз. Бұл сезімнен арыла алмай жүрміз", – дейді ол.
Бұл отбасы сот шешімімен толық келіседі. Жәбірленушілер моральдық зиян үшін өтемақы талап етпеген.
"Күйеуім: "Жетер. Онсыз да шаршадың" деді. Сот расымен де ауыр өтті, күніне 5–6 сағаттан. Қатты қажытты. Бірақ сот шешімімен келісеміз. Ұлымызға кінәлі жазаланғанын айттық. Ол жаман іс істегені үшін жауапкершілік барын білуі керек еді", – деді баланың анасы.
Қазір бұл отбасы үшін басты мәселе – баланың денсаулығы. Анасының айтуынша, баланың бетінің сол жағы қатты зардап шеккен: үстіңгі бөлігі шамамен 70 пайыз, астыңғы жағы 10 пайыздай. Пышақ жарақатынан зақымданған тісін де жұлып тастаған.
"Бетінің бір жағы мүлде жұмыс істемейді. Әрине, бет пішіні де өзгерді. Қазір оның бетінде үш тыртық бар, біреуі әлі жазылған жоқ. Инемен ем, физиотерапия – қолымыздан келетіні осылар. Бірақ физиотерапия жеңіл болса, инемен емдеу өте қиын өтіп жатыр", – деді әйел.
Баланың ата-анасы Израиль, Оңтүстік Корея және Ресей мамандарымен кеңескен. Олар нақты болжамдарды тек көріп тексергеннен кейін айта алатынын жеткізген.
Отбасының туыстары мен достары қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Бірақ шетелде емделуге бұл қаражат жеткіліксіз. Әйел ресми түрде қаражат жинауды бастап, әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрауды жоспарлап отыр.
"Бізге бірден "моральдық, физикалық және материалдық жағынан дайын болыңдар" деді. Бұл - ұзақ процесс. Емдеу курсын аяқтап, ағзаға демалуға мүмкіндік береміз де, қайта бастаймыз. Сапарға қаражат жинаймыз, дәрігерлер іздейміз, ұлымыздың денсаулығын толық қалпына келтіруге тырысамыз", – деді ол.
Жақында бала алты жасқа толады. Жасы кішкентай болғанымен, оны алда үлкен жол күтіп тұр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






