Биылдан бастап әр балаға 235 мың теңгеден беріледі

Қаңтар 14, 2025 - 11:19
Биылдан бастап әр балаға 235 мың теңгеден беріледі

Президент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.

Ақорданың хабарлауынша, бұл заңнамалық түзетулердің бір бөлігі "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленген. Бұл игілікті пайдалану үшін баланың жасы 5 жастан асуға тиіс.

Сонда оған мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы беріледі. Оған жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы және банктік депозиттік пайыздар төленеді.

"Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толған балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін "Бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына" сай есептеледі. "Келешек" жүйесі жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы, ал, халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйлықақы көзделген қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді Ақорда.

Бұл ретте "Келешек" бағдарламасының қаржысын техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге бағыттауға болады.

Егер кәмелет жасқа толған дарын колледжге немесе университетке, одан соң магистратура не докторантураға грантпен түсіп, осының бәрін тегін алса, онда "Келешектің" қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, пәтер сатып алуға жұмсауына рұқсат етіледі.

Баспана керек болмаса, салымын әрі қарай жинақтауды жалғастыруына немесе басқа балаға, туысқанына сыйлауына болады.

Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов бағдарлама аясында балалардың қанша алатынын түсіндірді.

"Осы "Келешек" бірыңғай жинақтау жүйесінің талаптарына сәйкес, мысалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін "бастапқы білім беру капиталының" көлемі, басқа санаттағы балаларға қарағанда екі есе көп болады. Атап айтқанда, Қазақстандағы жасы 5-тен асқан барлық балаға 60 айлық есептік көрсеткіш бөлінеді. Бұл 2025 жылы 235 920 теңгеге тең. Ал, аталған санаттағы балалар үшін бастапқы капитал 120 АЕК болады. Биыл бұл 471 840 теңгені құрайды", – деді вице-министр Ешенқұлов.

"Келешек" аясында балалардың ата-аналарымен шарт бекітіледі. Дегенмен, министрдің орынбасарының айтуынша, келісімшартқа қол қою құқығы жетімдер үйінің басшысына берілуі мүмкін.

"Дәл арнайы шот ашылған мезетте заңды тұлға ретінде тіркелген азаматтың осы келісімшартқа қол қою құқығы бар. Балалар үйінің басшысы қол қоя алады. Егер баланы 5 жасқа толмай тұрып, асырап алса, онда бала үшін келісімшарт бекіту құқығы асырап алушы әке-шешесіне өтеді. Егер қол қойылып қойса, осы құқықтардың негізінде асырап алушы ата-анамен арада келісімшарт қайта жасалып, сол келісімшарттағы талаптар орындалады", – деді Талғат Ешенқұлов.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Құдайберген Бексұлтановтың түсіндіруінше, "Келешек" аясында баласына мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын алу үшін ата-аналар бағдарламаға қатысатын банкте шот ашып, оған өздері де ақша салып тұруға міндетті болады. Егер қатыспаса, ең төменгі жарнаны енгізбесе, мемлекеттік капиталды да ала алмайды.

"Бұл заң аясында "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі. "Келешекке" сәйкес, ата-аналар Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банкте шот ашуы қажет. Мемлекет өз кезегінде ол шотқа біржолғы бастапқы капиталды құяды. Ол әрбір жылда 5 жасқа толған балалардың шотына жіберілетін болады. Жетім және тастанды балалар үшін мемлекет 120 АЕК-тен, басқа барлық балаларға – 60 АЕК-тен береді. Бұл – бір. Екіншіден, ата-аналар жыл сайын ең құрығанда, "ең төмен жарналарды" төлеуі керек", – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, ата-аналардан өз баласының шотына жыл сайын салып тұруы талап етілетін ең төменгі жарна:

  • халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы балалар үшін 12 АЕК-ті (2025 жылы – 47 184 теңгені),
  • басқа барлық балалар үшін 24 АЕК-ті (биыл 94 368 теңгені) құрайды.

Үшіншіден, Үкімет жыл сайын осы жинақтарға барлық балалар үшін 5%, халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы балалар үшін 7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы қосады.

Төртіншіден, бағдарламаға қатысушы банктер төл депозит мөлшерлемесі бойынша "Келешек" салымдарына депозиттік ақша сыйлықақысын төлейді.

Қорыта айтқанда, мемлекет әрбір балаға өмірінде 1 рет қана беретін біржолғы бастапқы капиталға және ата-аналардың өздері баласы үшін дәл сол шотта жыл сайын жинайтын жинағына біріншіден мемлекеттік премия беріледі (5 не 7 пайыз). Екіншіден, оларға банктер депозиттік сыйақы есептейді. Оның көлемі банкке байланысты болады.  

Ақыр соңында жинақталған қаражатты баланың колледждегі оқуына, университетке ақылы түсуіне жұмсалуы қажет. Бұл жерде депутаттардың айтуынша, заң бойынша қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға болады.

Егер бала білім беру грантымен тегін түссе, жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе басқа деңгейде білім алу, екінші мамандығын игеру үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Бұдан бөлек, қаражатты үшінші тұлғаның – туған аға-інілерінің, әпке-сіңлілерінің ұқсас салымына немесе сақтандыру компаниясының шартына аударуға болады.

Заң бойынша "Келешек" қолданыстағы "AQYL Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде" жұмыс істейтін болады. Соны ауыстырады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow