Білім саласындағы реформа: 7-11 сынып оқушылары ерікті болуға міндеттеле ме?
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов – Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға білім беру саласындағы жүйелі мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат жастар арасындағы жұмыссыздық пен мамандық таңдаудағы қателіктерді ашып айтып, волонтерлік жүйесін енгізу арқылы нақты шешім ұсынды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда жоғары оқу орнын бітірген жастардың басым бөлігі еңбек нарығында өз орнын таба алмай отыр. Бұл мемлекеттік бюджетке де, ел экономикасына да айтарлықтай шығын әкелуде.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов өз сауалында нақты цифрларды келтірді:
«Бүгінгі таңда жоғары оқу орны түлектерінің тек 60 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Бұл — үлкен бюджеттік және экономикалық шығын. Еңбек министрлігінің мәліметінше, түлектердің 30 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді», — деді депутат.
Осы мәселені шешу мақсатында депутат халықаралық озық тәжірибелерді мысалға келтірді. Оның айтуынша, АҚШ-та мектеп бітіру үшін 75 сағаттық қоғамдық жұмыс міндетті болса, Ұлыбритания мен Францияда еріктілік — жастардың тұлғалық дамуы мен оқуға түсуінің басты шарты.
Осыған байланысты мәселені жүйелі шешу үшін Мархабат Жайымбетов «Аманат» партиясының атынан нақты ұсыныс тастады:
«Біріншіден, еріктілікті және ерте кәсіби бағдарды 7-11 сынып бағдарламаларына міндетті компонент ретінде енгізуді қарастыру. Екіншіден, еріктілік немесе әлеуметтік тәжірибе мектеп білімінің ажырамас бөлігі ретінде танылуы тиіс. Сонымен қатар, аккредиттелген волонтерлік жобалар мен қабылдаушы ұйымдардың бірыңғай тізімін жасап, еріктілікті жоғары оқу орнына түсу кезінде ынталандырушы фактор ретінде ескеру қажет», — деп атап өтті депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0