Бір түнде болған 2 жол апатынан 15 адам қаза тапты

Қарағанды мен Жетісу облыстарында түнде қайғылы оқиғалар тіркелді

Қыркүйек 14, 2025 - 14:08
Бір түнде болған 2 жол апатынан 15 адам қаза тапты
Фото: ҚазАвтоЖол

13-нен 14 қыркүйекке қараған түні республика аумағында екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz

Түнгі сағат 23:30 шамасында Қарағанды облысында, "Қарағанды – Аягөз – Боғас" автожолының Шешенқара ауылы маңында Ford Mondeo автокөлігінің жүргізушісі Қарқаралы қаласынан Қарағанды бағытына қозғалыс барысында белгіленбеген жерде қарсы жолаққа шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 5 адам оқиға орнында көз жұмды.

2025 жылғы 14 қыркүйек күні сағат 01:39 шамасында Жетісу облысында, "Алматы – Өскемен" автожолының 479-шақырымында Nissan Cefiro автокөлігінің жүргізушісі оңтүстік бағытта қозғалып келе жатып, қарсы жолаққа шығып, алдымен Lada ВАЗ автокөлігімен, кейіннен Chevrolet Cobalt автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі оқиға орнында жан тапсырды. Lada ВАЗ автокөлігінде болған төрт адамның біреуі көз жұмды, тағы біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Chevrolet Cobalt автокөлігінде сегіз адам, соның ішінде бір бала болған. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың барлығы оқиға орнында қаза тапқан.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде екі жол учаскесінде де жол жамылғысының тегіс екендігі және көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақаулардың анықталмағаны белгілі болды. "Алматы – Өскемен" автожолы 2024 жылдың желтоқсан айында қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген. Жол жабындысы нормативтік талаптарға толық сәйкес келеді. Ал "Қарағанды – Аягөз – Боғас" автожолында бұған дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген, жабынның жағдайы да белгіленген стандарттарға сай.

Соңғы жылдары қайта жөндеу және жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін жол-көлік оқиғаларының жиілеп отырғаны байқалады. Тегіс жол мен ашық көріну мүмкіндігін пайдаланып, көптеген жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол қозғалысы ережелерін бұзуда. Мұндай жауапсыздық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуде.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow