«Біз тізе бүккен жоқпыз»: Иран президенті БҰҰ мінберінде мәлімдеме жасады
Иран президенті Масуд Пезешкиан Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысты. Бұл АҚШ-пен соғыс жағдайындағы ел басшысының аталған ұйым алдында алғаш рет сөз сөйлеуі болды. Бұл туралы ақпаратты NBC News таратты.
«Америка мен Израиль бізге заманауи технологиялар мен қару-жарақ жүйелерін қолдана отырып шабуыл жасады, ал халқымыз оған табандылықпен төтеп берді. Иә, олар бізге соққы жасады, бірақ біз тізе бүккен жоқпыз және басымызды иген жоқпыз», – деді Пезешкиан.
Берілмейтінін мәлімдеген Иран президенті АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранды түсінбейтінін айтып, қақтығысты тоқтатудың жолы ретінде дипломатияға сенетінін жеткізді.
«Иранды Трамп мырза және бізді қорқытуға тырысқандар түсінуі керек. Біз диалогқа, дипломатияға және келіссөздерге дайынбыз, бірақ күш көрсету тілін қабылдауға дайын емеспіз», – деді ол.
Пезешкианның айтуынша, Иран ешкімде ел қалаларына жасалған бомбалаулар жауапсыз қалады деген түсінік қалыптаспау үшін қорғаныс жүйесін құрған.
Оның сөзінше, Иранның қорғаныс қуаты елді қорғауға бағытталған және Тегеранның өзін қорғау үшін ешкімнің рұқсатын қажет етпейді.
Сонымен қатар Иран президенті ядролық білімнің бірнеше елдің монополиясында қалуымен келіспейтінін айтты.
«Иран ядролық қаруды қауіпсіздік факторы деп санамайды. Алайда біз ғылымға, өнеркәсіпке және бейбіт атом энергетикасына деген құқығымыздан бас тартпаймыз. Ашық айтайық: ядролық қаруға – жоқ, ядролық білімге деген құқықтан айыруға – жоқ», – деді Пезешкиан.
Оның пікірінше, Иранның ядролық мәселесін соғыс алаңында шешу мүмкін емес. Бұл мәселенің шешімі Иранның ядролық бағдарламасының тек бейбіт сипатта екеніне әлемге сенімді кепілдік беретін және Иран халқына өз құқықтарының сақталатынына сенім қалыптастыратын келісім болуы тиіс.
Айта кетейік, Иран президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келген. Сапары барысында Пезешкиан бірқатар мемлекет басшыларымен жеке кездесулер өткізіп, саяси және мәдени қайраткерлермен жүздеседі деп хабарланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0