Болат Назарбаевтың қызы туған күнін дүркіретіп өткізді

Экс-судья, Болат Назарбаевтың үлкен қызы Гүлмира Әбішева 50 жасқа толған мерейтойын дүркіретіп атап өтті. 23 шілде күні өткен банкетке лауазымды тұлғалар мен шоу-биз өкілдері қатысқан, деп хабарлайды sadaq.kz сайты "Әшкере" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Мерейтойда әнші Шамхан Далдаев, Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әсет Көпешбаев пен оның әріптесі Самат Берістемов, Алматы қалалық сотының судьясы Саида Болат, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарының жұбайы және өзге де мәртебелі меймандар болған.
Дереккөздің мәліметіне қарағанда, Гүлмира Болатқызы атышулы «GB Invest» ЖШС-нің құрылтайшысы.
Компания мемлекетке 26 миллиард теңге берешек екені бұған дейін бірқатар БАҚ бетінде жарияланған болатын.
Бұған қоса, Бас прокуратураның тексеруі кезінде кедендік құны әдейі төмендетілген тауарларды елге заңсыз кіргізумен байланысты істе осы мекеменің аты шыққан.
Гүлмира Әбішева Бөкеңнің бәйбішесі Гүлжан Назарбаевадан туған. Еңбек жолын Бас прокуратурада бастап, кейін әділет органдарында жалғастырған. Әрі қарай Алматы қаласындағы жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасында қызмет етті.
2006 жылдан бастап бертінге дейін Алматы облысындағы Жетісу, Қарасай аудандық соты мен Қарасай аудандық әкімшілік сотын басқарған.
Әбішева сот жүйесінен кетуін әкесінің сырқатымен түсіндірген. Бөкең өмірден өтер алдында "әкем 2021 жылдан бері көмей обырымен ауырады" деген Гүлмира тілшілерді үйіне шақырып, сұхбат берген еді.
Атышулы сантехник Болат Назарбаевтың артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары Нұрбол мен Ербол Назарбаевтардың қолдары ұзын және барынша көп дүниеге таласы бар.
Біздің білуімізше Болаттың мұрасының ең қомақты бөлігіне Нұрбол Назарбаев ие болып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






