Болат Назарбаевтың ұлы Астанада заңсыз құрылыс салған

Қаңтар 20, 2025 - 11:15
Қаңтар 20, 2025 - 12:32
Болат Назарбаевтың ұлы Астанада заңсыз құрылыс салған

Болат Назарбаевтың ұлдарының бірі Ханболат Назарбаев Астанадағы құрылыс нысанын бауырына сыйға тартты. Ал сот шешімі бойынша бұл ғимарат сүрілуге міндеттелген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Nege.Aqsha арнасының мәліметі бойынша, 2024 жылғы 20 ақпанда Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиевадан туған ұлына Астанадағы Тәуелсіздік даңғылының бойындағы сауда ойын-сауық орталығын заңсыз салғаны үшін 103 500 теңге айыппұл салды.

Ол бұл учаскені 2020 жылы ақпанда сый ретінде алған. Осылайша, бұрын бұл жерде тұрған қонақүй кешенін бұзып, оның орнына сауда ойын-сауық орталығын құрылыс рұқсатынсыз және алдын ала ескертусіз сала бастаған.

"Сот экс-президенттің (Нұрсұлтан Назарбаевтың - еск.) немере інісін айыппұл төлетіп қана қоймай, заңсыз құрылысты бұзуға міндеттеді", - деп жазылған ақпаратта.

Ханболат Назарбаев бұл шешімге қарсы шығуға тырысқан. Ол айыппұл төлеуге ниет білдіріп, ғимаратты бұзбауға рұқсат сұраған. Алайда қалалық сот бас тартты.

Арна мәліметінше, Ханболат бұл нысанды ағасы Данияр Кесікбаевқа сыйға тартқан. Олардың анасы бір, әкелері бөлек.

"Мәжбүрлеп бұзу туралы қаулы ҚР Әділет министрлігінің Астана қаласы Әділет департаментіне орындауға жіберілді. Департамент ақпаратына сәйкес Х.Болатұлы бұл нысанды сыйға тарту шарты бойынша Д.Кесікбаевқа бергені анықталды. Сондықтан басқарма сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады", - деді Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысы Ғани Тәжиев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow