Елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр

Мамыр 29, 2025 - 10:54
Мамыр 29, 2025 - 11:14
Елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форум өтіп жатыр. Әлемдік көшбасшыларды, сарапшыларды, инвесторлар мен бизнес өкілдерін біріктіретін аймақтағы ең ірі іскерлік іс-шара бағдарламасы бүгіннің негізгі сын-қатерлерін қамтыған пленарлық сессия мен 25 пікірталас алаңынан тұрады. Әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық шетелдік қонақ қатыспақ. Олардың арасында жетекші саясаткерлер, халықаралық ұйым, корпорация басшылары, инвесторлар мен ғылыми топ өкілдері бар.

Жалпы, форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер қатысады. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін қарастырады.

Мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамені, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәниді атап өтуге болады.

Биыл AIF жаһандық күн тәртібіндегі негізгі үш бағытқа назар аударады:

Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік
Энергетика және климаттың өзгеруі
Экономика және қаржы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысушыларға ризашылығын білдіріп сөз сөйледі. Тоқаев өз сөзінде дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанына тоқталды. 

Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншы», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде, - деді Президент. 

Президент сондай-ақ еліміздегі реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздеуге бағытталғанын атап өтті. 

«Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын — барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс екенін атап өтті.

— Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелгенін еске салды. Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған.

— Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент — халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері. Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді. Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен тәртіп» қағидатында көрініс тапқан. Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты — жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз. Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты. Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow