«Ердің сағы сынбауы керек»: Қарақат Әбілдина жары Қыдырәліге құрметін білдірді

Маусым 24, 2026 - 16:26
app_badging Маусым 24, 2026 - 16:39
chat_bubble  0 visibility  1
«Ердің сағы сынбауы керек»: Қарақат Әбілдина жары Қыдырәліге құрметін білдірді
Коллаж: Sadaq.kz

Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина жары, белгілі продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болмановқа жүрекжарды жазба арнады, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ер азаматтың қоғамдағы, отбасындағы орны туралы ой қозғап, жарына деген құрметін білдірді.

«Соңғы уақытта көп нәрсе өзгерді. Заман өзгерді, көзқарас өзгерді, құндылықтар өзгерді. Бірақ өзгермеуі тиіс бір нәрсе бар болса, ол – ер азаматтың қадірі. Қазақ "Ер құласа, тау құлайды" деп бекер айтпаған. Өйткені ер адам – бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің, бүтін бір елдің тірегі», – деп жазды әнші.

Сондай-ақ ол ер азаматтардың көтеріп жүрген жауапкершілігі мен отбасы алдындағы жанкешті еңбегіне тоқталды.

«Еркек жанына батса да сырын сыртқа шығара бермейді. Қандай ауыртпалық келсе де отбасы үшін күреседі. Кейде оның үнсіз көтеріп жүрген жүгі көзге көрінбейді», – деді ол.

Жазба барысында Қарақат Әбілдина әкелердің тәрбиедегі рөліне де ерекше назар аударған.

«Біздің әкелеріміз қандай еді?! Көп сөйлемейтін. Бірақ ісімен үйрететін. Қас-қабағымен ұғындыратын. Отбасының амандығын бәрінен биік қоятын. Бізге адалдықтың, жауапкершіліктің, намыстың қандай болатынын көрсетіп кеткен де солар», – деп атап өтті әнші.

Өнер иесі бүгінде жанында жүрген азаматтардың қадірін білу маңызды екенін айтып, жарының да мұндай құрметке лайық жан екенін жеткізді.

«Өзімнің де ер азаматым осы әнді арнауға лайық жан. Отбасына ғана емес, Отанына адал қызмет етіп жүрген, ел мен ұрпақтың қамын ойлайтын азамат», – деп жазды ол.

Сөз соңында әнші көптен бері көкейінде жүрген ойын Әкелер күніне орай жарық көрген жаңа әні арқылы жеткізгісі келгенін айтып, оқырмандарына ақ тілегін жолдады.

«Сондықтан ердің сағы сынбауы керек. Ердің рухы сынбауы керек. Көптен бері көкейімде жүрген осы ойды бүгінгі Әкелер күніне орай жаңа әнім арқылы жеткізгім келді. Қабыл алыңыздар!» – деді Қарақат Әбілдина.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0