Финляндия Балтықта ресейлік кемеге шабуылды тіркеді
Финляндия әскерилері Балтық теңізінде ресейлік әскери кемеге шабуыл жасалғанын анықтады. Бұл АҚШ өкілдерінің Мәскеу мен Киевтегі келіссөздері қарсаңында болды.
Финляндия әскерилері сәрсенбіде Балтық теңізінің Фин шығанағында ресейлік әскери кемеге шабуыл жасалғанын анықтады, деп хабарлайды BBC мен Al Jazeera.
Финляндия Қарулы күштерінің өкілі Рейтер агенттігіне жолдаған электронды хатында "Фин шығанағы аймағында ресейлік әскери кемеге соққы жасалғанын анықтадық және жағдайдың дамуын бақылап отырмыз" деп мәлімдеді. Ол Финляндияға "тікелей әскери қауіп жоқ" екенін атап өтті.
Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) шабуылды өз мойнына алып, нысана "Наро-Фоминск" кемесі болғанын мәлімдеді. Бұл кеме Buyan-M типті шағын корвет болып, Kalibr және Oniks қанатты зымырандарын тасымалдайды. Эстония қорғаныс министрі Мартин Херем кеме жергілікті уақытпен таңғы 5:30-да (Астана уақытымен 8:30) соққыға ұшырап, кейін түтін шыққанын, кеме Санкт-Петербургке қарай бет алғанын хабарлады.
Шабуылдан кейін кемедегі шығын немесе зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жоқ. Финляндия сыртқы істер министрі Элина Валтонен Балтық теңізіндегі жағдай тұрақты әрі қауіпсіз екенін, теңіз қозғалысына ешқандай қауіп төнбейтінін айтты.
Бұл шабуыл Украина дрондарының Балтық теңізінің азаматтық кеме қатынасына ашық аймағында ресейлік кемеге жасаған алғашқы шабуылы болып саналады. Сонымен қатар, Украина дрондары Ресейдің Балтық жағалауындағы Усть-Луга мұнай экспорты терминалына да соққы жасады. Эстония, Латвия және Литва азаматтарына әуе кеңістігіндегі дрондарға байланысты паналау туралы ескерту жасады, НАТО жауынгерлік ұшақтары әуеге көтерілді.
АҚШ делдалдығы және тұтқындар алмасу
Шабуыл АҚШ өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Мәскеуде Путинмен, кейін Ирландияда Зеленскиймен кездесуі қарсаңында болды. Кушнер X әлеуметтік желісінде "соғыстағы ең ірі тұтқын алмасу" жоспары үстінде жұмыс істеп жатқанын, бұл мыңдаған адамды отбасымен қауыштыруы мүмкін екенін жазды.
Ресейдің ТАСС агенттігі тұтқын алмасу екі-үш апта ішінде жүзеге асуы мүмкін екенін хабарлады.