Франция Палестинаны мемлекет деп таныды

Қыркүйек 23, 2025 - 15:57
Франция Палестинаны мемлекет деп таныды

22 қыркүйек күні Франция президенті Эммануэль Макрон Палестинаны мемлекет деп ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме Франция мен Сауд Арабиясы өткізген саммитте жасалды. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен саммит Таяу Шығыстағы қақтығыстарға, соның ішінде Израиль-Палестина дауына арналған.

Франция Палестинаны мемлекет деп танитыны алдын ала белгілі болған. Макрон бұл туралы бірнеше ай бұрын айтқан. БҰҰ мінберінен сөйлеген Макрон бұл шешім бейбітшілікке бастауы керек деді.

Санаулы күн бұрын Австралия, Канада, Португалия және Ұлыбритания да Палестинаны мемлекет деп таныған. Сондай-ақ Мальта, Андорра, Бельгия, Люксембург және Сан-Марино да Палестина тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеп жатыр.

Израиль билігі бұл шешімдерді айыптап, бұл қадам 2023 жылғы қазанда Израильге жасалған шабуылды ынталандыру деп атады. Газадағы соғысқа сол шабуыл түрткі болған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күнгі мәлімдемесінде Палестинаны мемлекет деп тануға халықаралық деңгейде қарсылық танытанын айтқан.

Палестинаны мемлекет деп тануға АҚШ та қарсы. Вашингтонның ұстанымы бойынша, Палестинаның мемлекеттілігі Палестина-Израиль келіссөздерінде шешілуі керек. Германия мен Италия да Палестина тәуелсіздігін мойындау туралы үндеуге қосылмай отыр.

БҰҰ қарары бойынша, бұрын Ұлыбритания билігінде болған Палестина жерінде екі мемлекет құрылуы керек болған. Бірі – еврей (Израиль) мемлекеті, екіншісі – араб мемлекеті. Израиль тәуелсіздігін 1948 жылы жариялады. Бірақ ол кезде араб мемлекеті (Палестина) құрылған жоқ. 1967 жылдан кейін Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын және Газа аймағын өз бақылауына алған. Кейінірек Палестина ұлттық әкімшілігі құрылды, бірақ ол Батыс жағалаудың тек бір бөлігін ғана басқарады. Ал газадағы билік 2007 жылдан бері Израильмен соғысып жүрген ХАМАС тобының қолында. АҚШ пен Еуроодақ бұл топты террор ұйымы деп таныған.

Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббас Нью-Йорктегі конференцияда видео байланыс арқылы сөз сөйлеп, ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуылын айыптап, ұйымды қолындағы қару-жарағын Палестина автономиясына беруге шақырды.

Азаттық радиосы 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow