Францияда бірнеше түрмеге шабуыл жасалды

Францияда бірнеше түрмеге белгісіз топтар шабуыл жасады. Атап айтқанда, бірқатар түзеу мекемелерінде автокөліктер өртеліп, кейбіріне автоматпен оқ атылған. Ел билігі бұл әрекеттерді терроризммен байланысты деп есептеп, тергеуді терроризмге қарсы ұлттық прокуратураға тапсырды, деп хабарлайды ВВС.
Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен шабуылдарды растап, оларды биліктің есірткі трафигіне қарсы күресіне жауап ретінде жасалған қорқыту әрекеттері деп атады. Министрдің айтуынша, Тулондағы түрме маңында қарулы шабуыл болған.
Франция Республикасының алдында есірткінің заңсыз айналымы мәселесі тұр. Біз қылмыстық топтарды түбегейлі әлсірететін шаралар қабылдап жатырмыз, – деді ол.
Ал Ішкі істер министрі Бруно Ретайо жергілікті билікке түрме қызметкерлерін қорғау шараларын шұғыл күшейтуді тапсырды.
Мемлекеттің жауабы қатал болуы тиіс. Түрмелер мен олардың қызметкерлеріне шабуылдағандар сол мекемелерге жабылып, дәл сол қызметкерлердің бақылауында болуы керек, – деді министр.
БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, барлығы жеті түрмеге шабуыл жасалған. Олардың бесеуі елдің оңтүстігінде (Тулон, Экс-ан-Прованс, Марсель, Валанс және Нимес), ал екеуі Париж маңында (Виллепинт және Нантерде) орналасқан.
Сіздің реакцияңыз қандай?






