Израиль ХАМАС жетекшісі Яхия Синвардың қаза болғанын растады

Қазан 18, 2024 - 10:24
Израиль ХАМАС жетекшісі Яхия Синвардың қаза болғанын растады

Израиль әскері (ЦАХАЛ) ХАМАС жетекшісі (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) Яхия Синвардың қаза болғанын растады, деп жазады Азаттық радиосы. 

ЦАХАЛ оның алдында Газа секторындағы арнайы операция кезінде ХАМАС-тың үш өкілі опат болғанын, бірі Синвар болуы мүмкін екенін хабарлаған. Бірнеше сағаттан соң оның қазасы расталды.

"7 қазан күнгі қантөгіске жауапты Яхия Синварды бүгін ЦАХАЛ солдаттары өлтірді" деді Израиль сыртқы істер министрі Исраил Кац. Оның сөзінен Reuters үзінді келтірді.

Израиль әскерінің хабарлауынша, ол 16 қазанда Газаның оңтүстігінде өлтірілген. Барлау деректері ХАМАС-тың жоғары лауазымды тұлғаларының қай жерде жүргенін анықтаған соң операция басталған.

ХАМАС-пен байланысты басылым өкілдері Синвар жөнінде хабарды қарулы топтың өзінен күту қажеттігін жазды.

Яхия Синвар 1962 жылы Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласындағы босқындар лагерінде дүниеге келген. Израильдің арнайы қызметі алғаш рет оны 19 жасында қамауға алған. Сол кезде ол ХАМАС-тың негізін қалаушы Ахмед Ясиннің жақтасына айналған деп айтылады. 25 жасында ол ішкі қауіпсіздік қызметімен айналысқан "әл-Мәжіт" тобын құрған.

Израиль түрмелерінде 20 жыл отырған ол 2011 жылы мыңға жуық тұтқынды Израиль жауынгері Гилад Шалитке алмастыру келісімі аясында босатылды.

Reuters-тің жазуынша, Синвар Газа секторында бой тасалап жүрген.

ХАМАС жетекшілігіне Тегерандағы Исмаил Ханияның қазасынан кейін 2024 жылы тамыз айында келген. Израиль күштері Синварды 2023 жылы 7 қазан күнгі ХАМАС шабуылын ұйымдастырды деп санайды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow