Қазақстанда «Халық орманы» жобасы іске қосылды
Қазақстанда орман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында ауқымды экологиялық жобалар жүзеге асырылуда.
Осы бағытта Тимур Құлыбаев қоры Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Халық орманы» жобасын қолға алды. Бүгін, 16 қыркүйекте екі тарап арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоба аясында Тимур Құлыбаев қоры Экология министрлігімен бірлесіп, еліміздің жасыл белдеуі аумақтарында ауқымды көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асырады. Осы мақсатта аталмыш қор бір миллиард теңге бөліп отыр.
Бұл қаржыға «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және елорданың жасыл белдеуі аумақтарына 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызылатын болады.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл жоба – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық қадам. «Бұл – тек жасыл аймақты кеңейту емес, сонымен қатар өрттен зардап шеккен ормандарды қалпына келтіруге, биоалуантүрлікті сақтауға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған кешенді шара. Мемлекет, бизнес және қоғам күштерін біріктіре отырып, табиғатты қорғау ісін жаңа деңгейге көтере аламыз», – деді министр.
Президент бастамасымен үндес жоба
«Халық орманы» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамасымен және климаттың өзгеруімен күрес, құрлық экожүйелерін сақтау бойынша жаһандық мақсаттармен үндеседі. Сонымен қатар, жоба 2026 жылы Қазақстан бастамасымен жарияланған Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылына дайындық аясында маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында табиғат туралы атап өткен еді:
«Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деген еді.
Halyk қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова жобаның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті: «Бұл – тек ағаш отырғызу емес, Қазақстанның табиғатын қорғауға, жасыл аймақтарды көбейтуге және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ауқымды қадам. Қор бөлген қаражат пен қоғамның қолдауы арқылы еліміздің табиғи байлығы қалпына келеді деп сенеміз».
«Halyk орманы» жобасы Мемлекет басшысы айқындаған міндеттермен үндесіп, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосады. Қор бастамасы – табиғатты аялау мен жауапкершілікке негізделген бағыттың жалғасы.
Жобаның мақсаты мен мәні
Басты міндет – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау.
Бұл жоба кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғалар аясында ерекше маңызға ие. 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында Қазақстан тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан аса орман өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.
Жоба аясында:
● халықаралық және қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатылады,
● еріктілер ашық онлайн-платформа арқылы тартылады,
отырғызылған аумақтарда экологиялық мәдениетті насихаттау үшін арнайы стелалар орнатылады.
Халықаралық контекст
Әлем бойынша көгалдандыру климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап қана қоймай, Жердің «оттектік тепе-теңдігіне» де үлес қосады. «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысқа сүбелі үлес қосады.
Қордың ұстанымы
«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова:
«Біз үшін Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды. «Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін».
Жүйелі жұмыс
«Halyk орманы» жобасы – қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде «GreenAct» экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.
Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Ұлы Отан соғысының батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.
Үлес қосу
«Halyk» қоры волонтерлер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырады. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға жеке үлес қосуға мүмкіндік береді.
Сіздің реакцияңыз қандай?