Қазақстанда суицидке бейім жігіттер әскерге алынбайды

Қазақстан армиясында әскерге шақырылатын жастарды іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді. PSY деп аталатын бұл жүйе суицидке бейімділікті ерте анықтауға бағытталған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл әдістеме жастардың психикалық денсаулығын ерте кезеңде бағалауға, суицидке бейімділік белгілерін анықтауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
"PSY-тәуекел әдістемесін Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – психикасы тұрақсыз, яғни жүйкесі әлсіз немесе суицидке бейім жастарды ерте анықтап, оларды әскерге жібермей, армиядағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу", - дейді мамандар.
Жоба биылғы көктемгі науқан кезінде сынақтан сәтті өткен. Тексеріс барысында суицидке бейімі бар 470-тен астам жас анықталып, олардың бәрі әскерден босатылған немесе қосымша тексеріске жіберілген.
Жаңа жүйе бастапқы скринингті, терең психологиялық тексеруді және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптаманы қамтитын психодиагностиканың көп сатылы механизмі болып табылады. Негізгі мақсат – психоэмоционалды тұрақтылық тұрғысынан Қарулы күштерде қызмет етуге дайын емес адамдарды шақырудан шығару.
PSY-тәуекелді енгізу мәселелері ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының негізгі тақырыбына айналды. Оның құрамына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың мамандары кірді.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышевтің айтуынша, бастама Үкіметтің тапсырмасы бойынша іске асырылуда және әскерге шақыру науқаны шеңберінде жүйелі профилактиканың бір бөлігі болады.
"Біз психологиялық тұрақсыздарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бұл бөлімшелердегі денсаулық, өмір және моральдық ахуал қатысты", – дейді подполковник Арман Қалышев.
Еліміздің барлық өңірлерінде PSY-тәуекелді кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды. Инновация іріктеу тиімділігін арттырады, армиядағы штаттан тыс жағдайлардың санын азайтып, жас әскери қызметшілердің психикалық денсаулығын нығайтудағы маңызды қадам болады деп күтілуде.
Сіздің реакцияңыз қандай?






