«Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин өмірден өтті

Бүгін Семейде II Дүниежүзілік соғыстың ардагері, Халық қаһарманы Әбдіғали Қаймолдин 104 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды sadaq.kz сайты e-history.kz порталына сілтеп.
Халық қаһарманы, Абай облысының құрметті азаматы Әбдіғали Қаймолдин 1919 жылы бұрынғы Семей облысы, қазіргі Абай облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1941 жылы небәрі 17 жасында майданға аттанып, Сталинград шайқасынан бастап Харьков, Украина, Беларусь және Балтық елдеріндегі ұрыстарға қатысқан. Төрт жыл бойы от пен оқтың ортасында ерлікпен шайқасқан жауынгер бірнеше мәрте ауыр жараланып, соғыс даласында ерен ерлік танытты.
Соғыстан кейін елге оралып, бейбіт өмірде де халқына адал қызмет еткен Қаймолдин ұзақ жылдар бойы облыстық және аудандық деңгейдегі жауапты қызметтер атқарды. Өз өңірінің дамуына елеулі үлес қосып, ел арасында абырой-беделге ие болды.
Ұлы Жеңістің 78 жылдығы қарсаңында 8 мамыр күні орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оған қоса «Отан» ордені мен Алтын жұлдыз табысталды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары марапатын 1941–1945 жылдардағы соғыста көрсеткен ерлігі, батылдығы, жанқиярлығы мен соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін берді. Бұл - ел үшін еткен еңбегі мен майдандағы ерлігіне берілген ең жоғары мемлекеттік марапат. Сол уақытта 102 жастағы майдангер Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағын сол уақыттағы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев салтанатты түрде табыс етті. Ардагерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де құттықтап, құрмет көрсетті.
Абай облысының әкімі Берік Уәли майдангер Әбдіғали Қаймолдиннің қазасына байланысты Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, марқұмның отбасына, туған-туыстарына және күллі Абай жұртшылығына қайғыра көңіл айтты.
«…2023 жылы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Отан» ордені мен Алтын жұлдыз табысталды. Бұл – Әбдіғали ақсақалдың ерен ерлігіне, елге сіңірген еңбегіне берілген ең жоғары баға еді.
Азаматтық болмысы биік, ел мен жердің шынайы жанашыры болған тұлғаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына, ұрпағына және күллі Абай жұртына қайғырып көңіл айтамын.
Жаратқан марқұмды рақымына бөлеп, артында қалған ұрпағына сабыр, береке, амандық бергей.
Иманы жолдас, топырағы торқа болсын!», - деп жазды Б. Уәли.
Еске сала кетейік, Әбдіғали Қаймолдин — еліміздің ерлік пен елдік мұратын ұрпаққа аманаттаған санаулы тірі шежіренің бірі еді. Оның өмір жолы - тұтас бір дәуірдің, ұлт тарихының айнасы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






