Молдалар менің постыма неге лайк қоймайды?
Мен жүзден астам молдамен үнемі сөйлесіп тұрам. Біразымен кездесіп, сағаттап әңгіме соғып, отырып алып сораптап шай іштім де. Олардың бәрі мүфтияттың және бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің ҚМДБ жарғысына һәм зайырлы мемлекеттің заңдарына қайшы әрекетін сынаған менің постарымды қолдайды. Кейбірі Умра қажылыққа барғанда Қағбаның алдында тұрып Алладан «Ораз ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат нәсіп етіп, асыл дініміздің абыройына нұқсан
келтіріп жатқан мүфтияттағы диктатор басшылардан құтқару үшін жасап жатқан ерен еңбегінің оңды нәтижесін бере гөр...» деген тілекпен видео-дұға жасап, онысын өзіме көрсетті. ҚМДБ жүйесінде жұмыс істейтін тағы екі имам Үлкен қажылыққа барғанда маған арнайылап бес-алты литр зәмзәмсу алып келіпті. «Дін - Құдай мен жеке адам арасындағы интимді наным-сенім ғана» деп түсінетін мен оларға «Қағбаның алдында түсірілген видео-дұға және зәмзәмсу маған теберік емес» деп айта алмадым. «Рахмет» дедім де, қойдым. Әркімнің наным-сенімі өзіне... «Сыйға - сый, сыраға -бал» деді ғой атам қазақ.
Молдалармен болған әңгіме кезінде «Осы сендерге менің постым ұнайды екен, тайсалмай ақиқатты айттың дейсіңдер, онда неге жазбама лайк қоймайсыңдар, ақпаратты одан әрі байытатын коммент неге жазбайсыңдар?!» деймін ғой. Сөйтсем, «лайк бассақ бізді құртады ғой, мешіттен қуады ғой, одан кейін бала-шағамды кәйтіп асыраймын» деп жылап қоя береді бейшаралар... Рас, ҚМДБ жүйесіндегі бір-екі имам және үш-төрт экс-имам менің постыма лайк басады, коммент жазады. Оған да шүкір. «Уақыт - емші» - бүгін төрт-бес имам өз көзқарасын ашық білдірсе, ертең олардың саны көбейетіні анық. Осы үрдістен қауіптенген мүфтияттың «ғұламалары» «Әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, оны бөлісу, сондай-ақ біреуді балағаттап, қорлап жазба қалдыру және оған ортақтасып «лайк» басу – күнә іс» деп пәтуа шығарған ғой.
Эх, мүфтияттың лайкіне лайықсыз жазбаларым-ай, көбісі хакерлер қиратқан бұрынғы парақшаммен бірге жойылып кетті ғой...
Журналист Ораз Әлімбектің facebook парақшасынан
<iframe src="https://www.facebook.com/plugins/post.php?href=https%3A%2F%2Fwww.facebook.com%2Falimbekoraz%2Fposts%2Fpfbid0yF4HUuBDpztRnPybypihQ3PEkD88kq6nKNRZ3BoENULL648NvPzuvR8Kt1rhdw6Rl&show_text=true&width=500" width="500" height="750" style="border:none;overflow:hidden" scrolling="no" frameborder="0" allowfullscreen="true" allow="autoplay; clipboard-write; encrypted-media; picture-in-picture; web-share"></iframe>