Луврдағы тонау: Францияда тағы бес күдікті ұсталды

Қазан 30, 2025 - 15:18
Қазан 30, 2025 - 16:08
Луврдағы тонау: Францияда тағы бес күдікті ұсталды

Париж прокуроры Лора Беккон Лувр музейін тонауға қатысы бар деп күдікке ілінген екі адамның кінәларын ішінара мойындағанын мәлімдеді. 

Полицияда 96 сағат тергеуде болғаннан кейін күдіктілер тергеу судьясының алдына шығарылды. Оларға "ұйымдасқан ұрлық жасау" және "қылмыстық келісімге келу" баптары бойынша айып тағылды.

Прокурор оларды қамауда қалдыруды сұраған. Күдіктілердің бірі – 34 жастағы жұмыссыз Франция мен Алжир азаматы, ол Алжирге ұшпақ болған кезінде Руасси әуежайында ұсталған. Бұрын да полиция базасында тіркелген. Ал оның ДНҚ-сы ұрлықта қолданылған скутердің үстінен табылған. 

Екінші күдікті – 39 жастағы француз азаматы, ол Обервиль қаласында ұсталған. Бұрын ауыр қылмыс жасағаны белгілі. Оның ДНҚ-сы сынған терезелердің бірінен табылған.

Тергеу мәліметінше, ұрлыққа тағы екі адам қатысқан болуы мүмкін. Бірақ прокурор бұдан да үлкен ұйымдасқан топтың бар екенін жоққа шығармайды.

Баспасөз конференциясына Бандитизмге қарсы бригада (BRB) мен мәдени құндылықтардың заңсыз айналымымен күрес басқармасының (OCBC) өкілдері қатысты. Олар осы істі тергеп жатыр."Жүзге жуық тергеуші бір апта бойы, күндіз-түні қылмыскерлердің кім екенін анықтап, ұрланған әшекейлерді табуға тырысты", – деді прокурор.

Францияда Луврды тонауға қатысты тағы бес күдікті ұсталғаны анықталды. 

29 қазанда полиция күдіктілерді Париждің әртүрлі аудандарында бір мезетте ұстаған. Прокурор Лора Бекконың айтуынша, олардың тұлғаларын жариялауға әлі ерте.

"Олардың бірі –  негізгі күдіктілердің қатарында болды. Ал бұған дейін, 25 қазанда ұсталған екі адам, Луврды тонауға қатысы барын мойындады. Ұрланған әшекейлер әлі табылған жоқ, бірақ мен олардың қайта табылып, Лувр музейіне, жалпы алғанда, ұлтқа қайтарылатынына үміттенемін", – деді прокурор Бекко.

Еске салайық, бұған дейін Парижде Лувр мұражайынан бағалы зергерлік бұйымдар ұрланғанын жазған едік. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, ұрланған жәдігерлердің міндетті түрде қайтарылып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ал осыдан бұрын Павел Дуров Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді.

stan.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow