«Мен әлі ресми түрде бас бапкермін»: Черчесов Қазақстан құрамасынан қуылуына қатысты пікір білдірді
Ресейлік бапкер Мәскеуде ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжановпен жүздескенін айтты.
Қазақстан футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов ҚФФ-мен серіктестікті тоқтату мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Станислав Черчесовтің сөзінше, ол жыл басында ҚФФ президентімен кездескен. Бірақ ол уақытта бас бапкерліктен кету туралы мәселе көтерілмеген.
«Қаңтар айында Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшысы Марат Омаровпен сөйлестік. 2026 жылғы чемпионатқа іріктеу турнирінде наурызда өтетін матчтарға дайындық жоспарларымызды талқыладық. Ал бүгін Мәскеуде ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжановпен жүздестік. Олар Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде басқа маманды көргісі келетінін айтты. Кейінірек федерация президенті маған бұл ұстанымды тағы бір рет хабарлады», - деді Черчесов.
Ол сондай-ақ «еңбек келісімшарты тараптардың өзара шешімі бойынша бұзылғаны» туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Қазақстан футбол федерациясының президенті менімен телефон арқылы сөйлесіп, келісімшартты бұзу туралы шешімді растағанын айтты. Футболда мұндай жағдай көп кездеседі. Бірақ біз Марат Омаровпен әрдайым байланыстамыз және бір-бірімізді құрметтейміз. Қазір заңгерлерім келісімшартты бұзу мәселесімен айналысып жатыр. Заң жүзінде келісімшарт әлі бұзылған жоқ, яғни мен ресми түрде әлі Қазақстан құрамасының бапкерімін», - деді Черчесов.
Сіздің реакцияңыз қандай?