«50-ден 300 пайызға дейін»: Министр дәрі-дәрмек бағасының арзандайтынын мәлімдеді
Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы арзандай, деп хабарлайды sadaq.kz.
Бұл ақпаратты Үкімет отырысы кезінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
Оның айтуынша, министрлік дәрілік заттарға баға қоюдың жаңа тетігін енгізген. 2026 жылға арналған сатып алулар толығымен жаңартылған жүйе бойынша жүргізіліп жатыр. Осы өзгерістердің арқасында дәрілердің кең спектрі бойынша бағалардың айтарлықтай төмендеуі нәтижесін беріп, бүгінде 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген. Бұл сатып алудың тиімділігін көрсеткен.
Ведомство басшысы атап өткендей, кейбір жоғары шығынды дәрілердің бағасы 50%-дан 300%-ға дейін түскен.
Министр сонымен қатар нақты қай препараттардың қаншалықты арзандағанын да айтты. Мысалы, Иматиниб препараты бұрын 9450 теңге тұрса, қазір оның бағасы 2348 теңгеге дейін төмендеген. Ал Бевацизумаб дәрісінің құны 360 мыңнан 77 мың теңгеге дейін арзандаған.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, аталған өзгерістер саладағы бәсекелестікті күшейтіп қана қоймай, фармацевтикалық нарықтың ашық әрі әділ жұмыс істеуге әзір екенін көрсеткен.
«Үнемделген қаражат ең алдымен алғаш рет анықталған пациенттердің қосымша қажеттіліктерін өтеуге бағытталмақ. Жаңа баға белгілеу тетігіне сәйкес, бөлшек және көтерме саудаға арналған 4 900 түрлі атау бойынша бағалар қайта қаралған. Қазан-қараша айларында бөлшек сауда желісін бақылау барысында халық жиі алатын дәрілердің бағасы орта есеппен 12%-ға арзандағаны анықталған», – деп түйіндеді еліміздің бас дәрігері.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0