Мұнай құбырына жасалған шабуылды дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз: СІМ

Ақпан 19, 2025 - 15:49
Ақпан 19, 2025 - 16:08
Мұнай құбырына жасалған шабуылды дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз: СІМ

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Каспий құбыры концорциумының станциясына жасалған дрон шабуылына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Ресми өкілдің айтуынша, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе.

«Сол себепті әлбетте, біз мұны дипломатиялық арналар арқылы украиналық серіктестермен талқылайтын боламыз», – деді ол.

Бұған дейін  Қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға дронмен шабуылы жасалған еді.  

«Террористік соққы жарылғыш заттар мен металл зақымдаушы элементтермен жабдықталған 7 ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасалды. Анықталғандай, шабуыл уақыт бойынша бөлініп ұйымдастырылып, нысан жұмысына нұқсан келтірумен қатар, станция қызметкерлері арасында құрбандарға әкелуді көздеген. МАС персоналы арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттері мұнайдың төгілу қаупін болдырмауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта «Кропоткинская» МАС жұмысын тоқтатты. Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай айдау қысқарған режимде, станцияны айналып өтіп жүргізілуде», - делінген КҚК хабарламасында.

Ұзамай Украина қарулы күштерінің Бас штабы Ресейдегі қазақстандық мұнайды тасымалдауға арналған нысанға жасалған шабуылды растап, бұл әректтің Ресейдің заңсыз соғысын қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылымды бұзу операцияларының бірі болғанын хабарлады.

«Украина қорғаныс күштері Ресей Федерациясының әскери және отын-энергетикалық инфрақұрылымының стратегиялық нысандарына дәл соққы берді. Бұл табысты операция нәтижесінде Краснодар облысындағы Ильский мұнай өңдеу зауыты зақымдалды. Нысанда ауқымды өрт тіркелді. Сонымен қатар, шабуылға «Кропоткинский» және «Андриаполь» мұнай айдау станциялары да ұшырады, олар басқыншыларға отын тасымалдауда маңызды рөл атқарған. Соққыдан кейін олар істен шықты, бұл агрессорға отын жеткізу логистикасын айтарлықтай қиындатты»,  деп мәлімдеді штаб.

Украина әскери күштері «Ресейдің қарулы агрессиясын қолдайтын стратегиялық нысандарға шабуыл жасау құқығын сақтайтынын» айтты.

«Ресейдің заңсыз соғысын қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылымды бұзу операциялары жалғасатын болады», деп қосты Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow