«Олар өз халқын тонамайды»: Қуат Хамитов қазақстандық футболшыларды сынады

Танымал ММА жауынгері Қуат Хамитов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболының қазіргі жағдайына және ұлттық құраманың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today
Спортшының айтуынша, қазақстандық футболда жүйелі дағдарыс бар, ал елде «жас буын өсіп келеді» деген әңгіме – бос үміт қана.
«Қайтадан жеңілді. Кеше маған біреулер айтып жатыр: «Қуат, сен қателесесің, жастар өсіп келеді, бәрі алда». Қайдағы жастар? Олар Андорра ма, Лихтенштейн бе, аты-жөнін де білмеймін, сондай елдерден жеңілді. Ал ол командалар алты жыл бойы жеңіске жетпеген! Кеше біздің «Қайраттық» жастарды тас-талқан етті. Сонда мен қай жерден қателестім? Барлығы жеңіліп жатыр әрі бұл енді ғана басталды», — деді ол.
Файтер футболшылардың өзін шетелдік жұлдыздармен салыстыруын сынға алды:
«Олар өздерін Еуропаның мықты елдерімен, Чемпиондар лигасында ойнайтын клубтармен салыстырғанды ұнатады. Бірақ айырмашылық мынада: олар өз халқын тонамайды. Мен Роналдуның Португалия халқының миллиардтарын ұрлап, кейін «Спортинг», «Реал» немесе «Аль-Иттихад» клубтарында ойнағанын естіген емеспін. Ондай нәрсе болмайды», — деді Хамитов.
Айта кетсек, соңғы уақытта қазақстандық жастар құрамаларының нәтижесі көңіл көншітпейді: U-21 құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстаннан 0:1 есебімен ұтылса, U-20 құрамасы да сол қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберген. Бұған дейін U-21 командасы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорраға 0:1 есебімен жеңілген болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?






