«Отбасымызбен түгел жол апатына ұшырадық»: Бауыржан Исламханның әйелі қазіргі жағдайын айтты
Танымал футболшы Бауыржан Исламханның жанұясы жол апатына ұшырап, аман қалды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Бұл туралы футболшының жары әлеуметтік желіде бөлісті. Апат осыдан бір ай бұрын желтоқсанда Тараз-Шымкент тасжолында болған. Исламханның жұбайы Еркежан Исламхан апат болған күнді еске алды.
"16.01.2025. Өмірге деген көзқарасымды өзгерткен оқиғадан кейін міне бір ай. Бөліссем бе екен, бөліспесем бе екен деп ұзақ ойландым. Бәрі мені қайда жоғалып кетті деп сұрап жатыр. Көбіне демалуға бір жаққа кеткенде немесе өмірімде бәрі ғажап сәттерге толғанда осылай желіге ештеңе жүктемей кететінмін. Бірақ бұл жолы емес", - деп жазды футболшының жары.
Ол бір ай бұрын отбасының түгел жол апатына ұшырап, аман қалғанын айтты.
"Желтоқсанның 16-сына қараған түні біз отбасымызбен түгел жол апатына ұшырадық. Бірақ бір ғажайыптың арқасында бәріміз аман қалдық. Бұл бір Жаратқанның қалауы, соның ғажайыбы", - деді Еркежан Исламхан.
Еркежан Исламхан бұл жағдайды сынақ деп қабылдағанын жеткізді.
"Отбасымызға көз тиді ме, сөз тиді ме білмеймін. Дегенмен бір өлім аузынан аман қалдық. Мұны да бір сынақ деп қабылдадым", - деп жазды ол.
Бауыржан Исламхан - қазақстандық кәсіби футболшы, 1993 жылы 23 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Қазір "Ордабасы" футбол клубының жартылай қорғаушысы. Ал жары Еркежан Исламхан блогерлікпен айналысады.
Сіздің реакцияңыз қандай?