Оңтүстік Корея соты биліктен уақытша шеттетілген ел президенті Юн Сок Ельді тұтқындауға ордер берді. Бұл туралы 31 желтоқсанда Reuters агенттігі елдегі тергеу органдары мен жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасына сүйеніп хабарлады.
Yonhap агенттігінің дерегінше, бұл – Оңтүстік Кореяның конституциялық тарихында биліктегі мемлекет басшысын тұтқындауға ордер берген алғашқы жайт. Агенттіктің мәліметінше, тінту жүргізуге де ордер берілген. Таяу арада прокуратура президентті тұтқындау туралы қаулыны орындауға кіріседі деген болжам бар.
Deutsche Welle сайтының жазуынша, "бүлік жасамақ болды" және "билікті асыра пайдаланды" деп күдікке ілінген президент Юн Сок Ель тергеуге үш рет шақыртылса да бармай қойған.