«Паутина операциясы»: спутниктен түсірілген суреттері жариялана бастады

Спутниктен түсірілген суреттер мен қолда бар өзге де деректер 1 маусым күні украин дрондары Ресей әскери аэродромдарына жасаған шабуылдың салдарынан Ресей кемінде 10 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан айырылғанын көрсеткен.
OSINT-талдаушы Крис Биггерс 2 маусым күні таңертең Ресейдің Иркутск облысындағы Белая аэродромына украин дрондары жасаған шабуылдан кейін спутниктен түсірілген суреттерді жариялады. Бұл суреттер тіпті бұлттың ар жағынан да жер бетіндегі нысандарды "көре" алатын жасанды апертуралы радардың (SAR) көмегімен түсірілген.
Фотосуреттерге қарағанда, әскери әуе базасында 4 Ту-95 және 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшақ жойылғанға ұқсайды.
Азаттық радиосының жазуынша, бұлар стратегиялық бомбалаушы ұшақтар.
Intelshizo деген атпен тіркелген Х әлеуметтік желісін қолданушы жүргізген есептеулерге жүгінсек, Белая және Оленья аэродромдарында кемінде:
• 7 Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы (тағы біреуі зақымданған),
• 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшағы,
• 1 Ан-22 әскери-көлік ұшағы жойылған.
Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) бұған дейінгі мәлімдемесінде жексенбі күнгі бірнеше өңірде жасалған шабуылдың нәтижесінде "Ресейдің негізгі аэродромдарында тұрған қанатты зымыран тасымалдаушы стратегиялық ұшақтардың 34%", яғни 43 ұшақ зақымданды немесе жойылды деп хабарлаған.
Мурманск пен Иркутск облыстарындағы әуе базаларына шабуыл жасаған дрондар жүк көліктерінен ұшырылған. Оған куәгерлер түсіріп, желіде тараған көптеген видеодеректер айғақ.
1 маусым, жексенбі күні Мурманск және Иркутск облыстарына шабуыл жасаған дрондар тиелген контейнерлер Челябинск қаласындағы қоймада жиналған болуы мүмкін. Мұндай жорамалды OSINT-мамандарының айтқанына сүйеніп, Baza және Mash telegram-арналары хабарлады. Мамандар украин дереккөздері жариялаған фотосуреттерді зерттеп, Челябинскідегі Свердлов тас жолы бойында соған ұқсас қойма барын анықтаған.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің стратегиялық аэродромдарына дрондармен шабуыл жасау – Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы болғанын растады. "Нәтижесі өте керемет болды. Мұны Украина өз күшімен іске асырды. Жоспарлауға кіріскеннен бастап сәтті жүзеге асырғанға дейін бір жыл, алты ай, тоғыз күн өтті. Бұл – ең алыстағы нысанаға соққы берген операциямыз", – деп жазды Украина президенті СБУ басшысы Василий Малюкпен кездескеннен кейін Telegram парақшасында.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны "теракт" деп атады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






