Прокурор Болат Мажағұловты 10 жылға соттауды сұрады

Қаңтар 29, 2025 - 17:06
Прокурор Болат Мажағұловты 10 жылға соттауды сұрады
Коллаж: Ulysmedia

Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталған Астана мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловты прокурор 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп sadaq.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Астанада 2016 жылы Есіл өзеніне орнатылған "Күн" субұрқағы бойынша атышулы іс бойынша сот жалғасып жатыр.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты субұрқақтың құрылысы кезіндегі ұрлық фактісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтарбай мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен инженер Мәди Қанапинді жазалауды сұрады.

"Болат Мажағұловты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағындағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын", - деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы инженер Мәди Қанапинді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігінде және 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағындағы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығын шектеуді және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады.

Еске салайық, Астанадағы субұрқаққа қатысты сот 2024 жылғы желтоқсанда басталды.

2024 жылы қыркүйекте Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды. Кейінірек Қаржылық мониторинг агенттігі Болат Мажағұлов не үшін ұсталғанын айтты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow