Ресей әскери базаларындағы ұшақтардың үстін бүркеуге кірісті

Маусым 9, 2025 - 11:00
Ресей әскери базаларындағы ұшақтардың үстін бүркеуге кірісті

Украинаның дрон шабуылынан кейін Ресей өзінің әскери базаларындағы ұшақтарды әуеден төнетін қауіп-қатерден қорғайтын жабынды салуға кірісті, деп жазады Азаттық радиосы. 

1 маусым күні Украинаның арнаулы қызметі (СБУ) іске асырған "Өрмек" операциясы нәтижесінде Ресей аумағына алдын ала жасырын жеткізіліп, дайындалған дрондар әскери әуе базаларындағы ұшақтарға шабуыл жасаған. Оның нәтижесінде, Ресейдің әуе-ғарыш күштері кемінде 11 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан (Ту-95 және Ту-22М) айырылды.

OSINT талдаушысы Def Mon Х әлеуметтік желісінде жазғандай, ұшақтарды әуе шабуылынан қорғайтын құрылыс жүріп жатқанын Ресей аннексиялаған Қырым түбегіндегі Кировское, Севастополь, Гвардейское және Саки аэродромдарының спутниктен түсірілген суреттерінен көруге болады. Ресейдің өз аумағында мұндай құрылыстар Ейск, Крымск, Приморско-Ахтарск, Адыгейдегі Хан әуе базасында, Миллерово, Ахтубинск, Борисоглебск, Курск және Липецк қалаларында, сондай-ақ Энгельстегі стратегиялық авиация базасында да салынып жатыр.

Жексенбі күні Украинаның қауіпсіздік қызметі Ресейдің Иркутск облысындағы "Белая" әуе базасына 1 маусымда жасалған дрон шабуылының жаңа видеоларын жариялады. Оларда дронның жүк көлігінен ұшып шыққаны, әуе базасына дейін қалай ұшып жеткені, басқа дрон шабуылдарынан кейін ұшақтардың жанып жатқаны және Ту-22М стратегиялық бомбалаушы ұшағын нысанаға алған дрон түскен сәт көрсетілген.

Украиналық Defense Express басылымының жазуынша, видеодан дрон операторларының нысанды мұқият таңдағаны анық байқалады. Олар дрондарды ұшқыштың кабинасына саты қойылған ұшаққа бағыттаған – бұл әлгі ұшақтың ұшуға дайын екенін білдіруі мүмкін дейді басылым.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow