Ресей «Крокуста» теракт дайындалып жатқанын алдын ала білді – Украина барлау қызметінің бастығы
Ресей арнайы қызметтері «Крокус Сити Холл» концерт залына теракт жасалғалы жатқанын алдын-ала білген. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігінің барлау бас басқармасының бастығы Кирилл Буданов мәлімдеді, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«2024 жылдың кемі 15 ақпанында Ресей мұның бәрі дайындалып жатқанын білді. Мен сізге одан зорын айтайын, бұл ақпарат Сириядағы топтың барлау басқармасы арқылы да өтті. Сол жерден Мәскеуге жетті. Мұның бәрі аяқ астынан пайда болды дегенді ешкімге айтудың енді қажеті жоқ», - деді Кирилл Буданов стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үшінші халықаралық форумда сөйлеген сөзінде.
«ГУР» басшысының айтуынша, Кремль содырлардың қайдан және қандай ел арқылы Ресейге келетінін білген.
«Олар бұған не үшін жол берді - бірнеше нұсқа бар. Біріншісі, әдеттегідей, қазір бірнеше шенеунікті орнынан алып тастау үшін күрес. Тағы бір нұсқа – олар іс жүзінде осыншалықты ауқымды болатынын бағамдай алмай қалды. Жергілікті деңгейде ғана болады деп ойлады, әрі Украинаны кінәлағысы келді», – деді ол.
Буданов Ресей билігі «Крокуста» болған оқиғаның нұсқасын үш рет өзгерткенін атап өтті.
«Патрушев пен Бортниковтың түсіндірмелері пайда болды, олар мені айыптады әрі мұның бәрін Украина жасады деді. Бұл бос сөз. Айтпақшы, егер біз осы ауыр мәселені қозғаған болсақ, бұл жау болсақ та, өз басым қарапайым адамдарға қарсы террористік акт жасалуын құптамаймын», – деп атап өтті ол.
Еске салайық, 22 наурыз күні кешке Мәскеудегі «Крокус-Ситиде» теракт болды. Белгісіз біреулер концерт залына кіре берістегі күзетшілерге оқ жаудырған. Содан кейін олар фойедегі көрермендерді атқылай бастаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, теракттан көз жұмғандар саны 143 адамға жетті. Бұл лаңкестік оқиға ТМД елдеріндегі соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?