Ресейдің аэродромдарына шабуыл жасаған күдікті Қазақстанға қашып кеткен

Ресейдің әскери аэродромдарына жасалған шабуылдарды ұйымдастырды деген күдікке ілінген Артём Тимофеев бірнеше күн бұрын әйелімен бірге Қазақстанға қашып кеткен, деп хабарлайды Sadaq.kz. Тимофеевтің әйелі күйеуінің мұндай әрекетке дайындалып жатқанынан бейхабар болуы мүмкін.
Baza және Mash телеграм-арналарының деректеріне сүйенсек, Тимофеев дрондармен жасалған шабуылдан төрт күн бұрын Ресейден кеткен. Ол елден әйелі Екатерина Тимофеевамен (Шербакова) бірге шыққан.
Baza арнасының мәліметінше, Артём кететінін Екатеринаға шабуылдан бірнеше апта бұрын ғана хабарлаған. Бір нұсқа бойынша, әйелі диверсияның дайындалып жатқанын білмеген болуы мүмкін. Шабуылдан біраз бұрын Екатерина таныстарына басқа қалаға көшетінін айтқан және содан кейін тату-сурет салу бойынша жазбаларды тоқтатқан (ол тату-сурет шебері болып жұмыс істеген).
Қазіргі таңда жабық тұрған өзінің жеке телеграм-арнасында Екатерина Астанаға кетіп бара жатқанын жазған және жол үстінде түсірілген суреттерді жариялаған. Baza арнасы оның алдымен қонақүйге тоқтап, кейін елден ұшып кетуді жоспарлағанын жазады.
«Вот Так» басылымы Екатерина Тимофеевадан күйеуінің диверсияға қатысы және Қазақстанға кетуі туралы тараған ақпаратты түсіндіруді сұраған. Мақала жарияланған сәтте ол журналистің телеграм арқылы жіберген хабарына жауап бермеген.
Сондай-ақ, басылым редакторлары Екатеринаның құрбысына хабарласқан, бірақ ол хабарламаға жауап бермей, кейінірек «Вот Так» журналисін мессенджерде бұғаттап тастаған. Ал тағы бір танысы басылымға берген сұхбатында Екатеринаны жақсы танымайтынын және оның немесе күйеуінің шабуылдарға қатысы бар-жоғын білмейтінін айтты. Артём Тимофеевтің әкесі де тілшілердің қоңырауына жауап бермей, тұтқаны тастап, мессенджер арқылы жіберілген хабарламаны оқымаған.
Ресейлік БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, 1 маусым күні дрондар ұшырылған жүк көліктері дәл Тимофеевке тиесілі болған. Бұл дрондар Ресей Қорғаныс министрлігінің нысандарын бес өңірде — Мурманск, Иркутск, Рязань, Иваново және Амур облыстарында зақымдады. Бұл — Сібірге жасалған алғашқы ауқымды шабуыл болды. Жүк көліктерінің жүргізушілері тергеушілерге берген мәліметтерінде, нұсқауларды тікелей Тимофеевтің өзінен алғандарын айтқан.
1 маусымда «Белая» аэродромына жасалған шабуылға қатысы бар деген күдікпен Иркутск облысының құқық қорғау органдары Тимофеевті ресми түрде іздеуге жариялады. Усть-Кут билігі оның Донецк қаласында туғанын көрсетіп отыр. Басқа деректерге сүйенсек, Тимофеев Житомир қаласында дүниеге келген және 2018 жылға дейін Киевте тіркеуде тұрған. Соңғы жылдары ол Челябі облысындағы Миасс қаласында тұрып, Ресей азаматтығын алған. 2024 жылғы қыркүйекте ол B, B1 және M санаттары бойынша жүргізуші куәлігін алған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






