Салтанат Нүкенованың ағасы сотта қарындасының соққыға жығылған фотосын көрсетті
Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот жалғасып жатыр.
Бүгін Қуандық Бишімбаевтың сотында соққыға жығылған Салтанат Нүкенованың суреттері көрсетілді. Оларды сотқа жәбірленушінің ағасы Айтбек Амангелді әкелді, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты соттың бүгінгі отырысы зардап шеккен тараптан жауап алудан басталды. Сотта марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйлеп жатыр. Сотқа Нүкенованың ата-анасы да келген.
Сотта сөз алған Айтбек Амангелді соққыға жығылған Салтанат Нүкенованың суреттерін көрсетті. Оның айтуынша, суретті Салтанаттың өзі жіберген. Бұл кезде ол Бишімбаевпен бірге тұрған.
"Мен телефонымды ашып, телефонымда осындай сипаттағы мына суреттерді көрдім. Мен бұл суреттерді барлығына 20 наурызда болған себеп-салдар әрекеттерінің байланысын түсінуі үшін көрсетіп отырмын. Бұл суреттерді Салтанаттан алдым, ол маған кешкі сағат 22:00-де жіберді. Әрине, Салтанат үшін, оның жағдайы үшін қорықтым, маған жіберді, бірдеңе жазды. Менің бірінші реакциям оған қоңырау шалу болды", - деді Нүкенованың ағасы.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, Салтанатқа хабарласа алмағандықтан, Бишімбаевқа телефон соққан.
"Мен одан: Не болып жатыр? Неге маған мұндай суреттер келіп жатыр? Не болды? деп сұрадым. Менің тарапымнан әдепсіз сөздер де болды. Ол маған: үйге кел, сөйлесеміз, үйдің алдында талқылаймыз деп жауап берді", - деп жалғастырды Айтбек Амангелді.
Салтанат Нүкенованың ағасының айтуынша, ол келген, бірақ Қуандық шықпаған. Сосын олардың пәтеріне барған. Оған есікті Бишімбаевтың бірінші некедегі қызы ашқан. Кейін пәтерге Қуандықтың өзі келген.
"Екеуміз жанжалдастық, мен одан: "Салтанат қайда?" деп сұрадым, ол: "Білмеймін", - деп жауап берді. Ол мені қолымнан ұстап, шығармақ болды, мен оны итеріп жібердім, сол кезде төбелесіп кеттік", - деді Нүкенованың ағасы сотта.
Сіздің реакцияңыз қандай?