«СК-Фармация» Таиландтан әкелінген медициналық қолғаптарды отандық өнім секілді көрсеткен

Таиландтан жеткізілген медициналық қолғаптарды "СК-Фармация" отандық өнім секілді көрсеткен әрі оның бағасы асыра бағаланған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның "KazMedProm" ЖШС-ға қатысты жағдайға берген түсініктемесінде айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дәрілік заттармен қамтамасыз ету саласына жүргізілген аудит барысында отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі тексерілді. Мұндай қолдау шараларының бірі – ұзақ мерзімді шарттар жасасу. Бұл шарттарға сәйкес, "СК-Фармация" отандық өндірушілердің өнімін олардың көрсеткен бағасы бойынша сатып алуға міндеттеледі. Аталған механизм қазақстандық фармацевтика өндірісін дамытуға бағытталған.
Алайда аудит барысында шетелдік өнімнің отандық өнім ретінде сатылғанын растайтын жекелеген жағдайлар анықталды.
"Мәселен, 2024 жылы "KazMedProm" ЖШС отандық өндіруші мәртебесін пайдаланып, "СК-Фармацияға" жалпы сомасы 8,1 млрд теңгеге 63 млн жұп медициналық қолғап жеткізген. Алайда жеткізілген тауардың көлемі мен сипаттамасы дәл сол кезеңде компанияның Таиландтан сатып алған қолғаптар партиясымен толық сәйкес келеді. Кедендік декларациялар олардың сырттан әкелінгенін растайды, ал жеткізу мерзімдері "СК-Фармацияға" жөнелтілген күндермен сәйкес. Аудиторлар бұл жағдайда импорттық өнімнің отандық өнім ретінде ұсынылу қаупі бар деген тұжырымға келді. Сонымен қатар медициналық өнімдер бағасының да негізсіз жоғары екені анықталды: "KazMedProm" Panagloves диагностикалық латекс қолғаптарын жұбына 98 теңгеден сатқан, ал нарықта олардың құны шамамен 40 теңге тұрады. Соның салдарынан мемлекет 5,3 млрд теңге артық төлеген", делінген ЖАП хабарламасында.
Осы айтылғандарды ескере отырып, 2025 жылғы 27 мамырда аудит материалдары Бас прокуратураға жолданды. Нәтижесінде 18 шілдеде Бас прокуратура бұл материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне жіберді.
Сондай-ақ 22 мамырда, яғни Жоғары аудиторлық палата материалдарды құқық қорғау органдарына жолдағанға дейін, Шымкент қаласының прокуратурасы компания қызметіне тексеру тағайындап, оны 27 маусымда аяқтаған.
Қалалық прокуратураның тексеруі нәтижесінде "KazMedProm" ЖШС жылына шамамен 17 млн жұп қолғап өндіретіні анықталды. Шамамен тағы 50 млн жұп қолғап Таиландтан in bulk форматында әкелінетін өнімнен дайындалады.
In bulk өнім – бұл тұтынушылық қаптамасыз, жай ғана қаптарға салынған қолғаптар. Мұндай өнімнен қолғап жасау процесі оларды жуу, кептіру, дезинфекциялау және қаптаудан тұрады. Шымкент қаласының прокуратурасы бұл әрекетті қайта өңдеу деп бағалап, қылмыс негіз жоқ деп таныған.
"Алайда мұндай өңдеу жеткілікті деп саналмайды, себебі бұл жағдайда тауар номенклатурасының коды өзгермейді (аталған жағдайда өзгермеген). Демек бұл іс жүзінде өндіріс болып саналмайды. Өнімді мемлекетке нарықтағыдан едәуір жоғары бағамен өткізу фактісі де орын алған. Осылайша, отандық өндірушілер тарапынан өндірісті жергіліктендіру шарттарының сақталуын бақылау тетіктерінің, сондай-ақ баға реттеу тетіктерінің тиімсіздігі туралы Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы толық негізделген", - деген пікірде құзырлы орган.
Сіздің реакцияңыз қандай?






