Таяу Шығыстағы шиеленіс Азия қор нарықтарын құлатты

Наурыз 4, 2026 - 21:51
 0  1
Таяу Шығыстағы шиеленіс Азия қор нарықтарын құлатты
Фото: ung Yeon-je/AFP

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың күшеюі Азияның ірі қор нарықтарына бірден әсер етті, деп жазады Sadaq.kz. 

Соның салдарынан бірқатар елдердің негізгі биржалық индекстері айтарлықтай төмендеді.

Оңтүстік Кореяда KOSPI индексі 698,37 пунктке немесе 12,06 пайызға төмендеп, 5093,54 деңгейінде жабылды. Бұл көрсеткіш 2001 жылдың 12 қыркүйегінен бергі ең үлкен бір күндік құлдырау ретінде тіркелді. Ол кезде әлемдік нарықтар АҚШ-тағы 11 қыркүйек террорлық шабуылдарының әсерін сезінген еді. Сонымен қатар ұлттық валюта – корей воны да АҚШ долларына қатысты әлсіреді.

Сеул биржасында ірі корпорациялардың акциялары күрт төмендеді. Samsung Electronics қағаздары 11,74 пайызға арзандап, 172 200 вонға дейін түсті. Ал чип өндіруші SK Hynix акциялары 9,58 пайызға төмендеп, 849 000 вон деңгейінде саудаланды. Автоөндірушілер де қысымға ұшырады: Hyundai Motor акциялары 15,8 пайызға, ал Kia қағаздары 14,04 пайызға арзандады. Нарықтағы құбылмалылықтың күшеюіне байланысты сауда бір кезеңде 20 минутқа уақытша тоқтатылды.

Жапонияда да жағдай ұқсас. Токио қор биржасының негізгі көрсеткіші саналатын Nikkei 225 индексі 3,61 пайызға төмендеп, соңғы бір айдағы ең төменгі деңгейге түсті. Индекс бір күнде 2 033,51 пункт жоғалтып, 54 мыңнан төмен түсті.

Kyodo агенттігінің хабарлауынша, ең үлкен құлдырау мұнай өнімдері, түсті металдар және көтерме сауда секторларында байқалды. Сарапшылардың айтуынша, инвесторларды ең көп алаңдатқан фактор – мұнай бағасының күрт өсуі мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін жеткізілім тізбегінің бұзылу қаупі.

Tokyo Intelligence Laboratory Co. сарапшысы Шота Сандоның пікірінше, Азия елдерінің энергия импортының басым бөлігі Таяу Шығыстан келеді. Сондықтан аймақтағы кез келген әскери шиеленіс бірден нарықтағы тәуекелдерді арттырып, қор индекстерінің төмендеуін жылдамдатады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0