«Тыңшы қазақ»: Польшада Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері қамауға алынды

Ресми Варшаваның пайымынша, қазақ дипломаты елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін құпия мәліметтерді жинаумен айналысқан.

Тамыз 11, 2025 - 15:42
«Тыңшы қазақ»: Польшада Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері қамауға алынды

Польша билігі дипломатиялық мәртебесі бар қазақ азаматын тыңшылық жасады деген айыппен тұтқынға алды.

Бұл туралы бірқатар БАҚ дерекөзге сілтеп хабарлады деп жазады Ertenmedia.

Даудың дәл ортасында қалған дипломат Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташе көмекшісі қызметін атқарған.

Польшаның ішкі қауіпсіздік агенттігінің (ABW) мәліметінше, күдікті наурыз бен шілде аралығында Варшава мен Быдгощ қалаларында астыртын әрекет еткен. Ресми Варшаваның пайымынша, қазақ дипломаты елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін құпия мәліметтерді жинаумен айналысқан.

Әсіресе, НАТО альянсының әскери инфрақұрылымына қатысты ақпараттарды астыртын жолмен қолға түсірмек болған екен.

Дипломаттың тұтқындалуы 30 шілдеде жүзеге асып, Варшава аудандық соты оны үш ай мерзімге қамауға шешім шығарған. Дегенмен күдікті өзіне тағылған кінәні мойындаудан бас тартып, тек қысқа ғана түсініктеме берумен шектелген. Егер кінәсі дәлелденсе, Польша заңы бойынша 5 жылдан 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оқиғаға қатысты Польшаның премьер-министрі Дональд Туск та пікір білдіріп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіргендердің жазасыз қалмайтынын мәлімдеді.

Қазақстанның ресми мекемелері әлі мардымды жауап қатпай отыр. Сыртқы істер министрлігі әскери мәселеге байланысты пікір бере алмайтынын айтып, жауапкершілікті Қорғаныс министрлігіне ысырған.

Польша тарапы ресми хабарламасында күдіктінің нақты қай елдің атынан әрекет еткенін әзір ашып айтқан жоқ. Қазақ дипломатының айыбы нақтыланса, екі елдің арасында үлкен дипломатиялық дағдарыс туу қаупі бар.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow