Тоқаев ШЫҰ саммиті аясында Путинмен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды.
Путин Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады.
Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға байланысты көптеген мәселені шешуге бағытталған стратегиялық бағдары кеңінен қолдау тапқанын растайды.
Тоқаев құттықтауы үшін Ресей басшысына ризашылығын білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
"Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын", - деді Тоқаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0