«Трампқа жасалған қастандықтың артында Иран тұруы мүмкін» - дереккөз
Иран Дональд Трампты өлтіру мақсатында оған қастандық әзірлеген. АҚШ билігіне дереккөз осындай мәлімет берген, деп жазады Азаттық радиосы.
Бұл жөнінде 16 шілдеде CNN телеарнасы хабарлады.
Телеарна дереккөздерінің айтуынша, дегенмен 13 шілдеде Пенсильваниядағы митинг кезінде оқ атқан Томас Мэттью Крукстың Иранның "астыртын әрекетіне" қатысы жөнінде ешқандай дәлел-дәйек жоқ.
CNN-нің жазуынша, ирандықтар "Трампты өлтірмек болғаны жөнінде" мәліметтен кейін жоғары лауазымды тұлғаларды күзетумен айналысатын АҚШ-тың құпия қызметі экс-президенттің қауіпсіздігін күшейткен.
Трамп штабының қызметкерлері Иран қаупі жөнінде білген бе, жоқ па, ол жағы белгісіз.
"Трамп қауіпсіздігіне қатысты ақпаратқа түсініктеме бермейміз. Барлық сұрақты АҚШ құпия қызметіне жіберу керек" деп жазылған штабтың хабарламасында.
Тегеран ислам революциясы сақшылар корпусының генералы Қасым Сүлейменнің қазасына байланысты бұған дейін Трамп әкімшілігінің бұрынғы ресми тұлғаларына (арасында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон мен бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк Помпео да бар) қоқан-лоқы жасаған. Ирандық генерал 2020 жылы қаңтар айында Трамп бұйрығымен Америка әскерінің әуе соққысынан опат болған. Иран сол кезде генералдың өлімі үшін кек алуға уәде берген.
АҚШ-тағы президент сайлауына республикалық партия атынан қатысатын бұрынғы президент Дональд Трамп 13 шілдеде Батлер қаласындағы митинг кезінде құлағынан жараланған. Митинг кезінде бір адам өліп, екі адам ауыр жараланды. Шабуылшы 20 жастағы Томас Мэтью Круксты қауіпсіздік қызметі оқиға орнында атып өлтірді. Оның оқ атуының себебі әлі белгісіз.
Сіздің реакцияңыз қандай?