Ұлытаудағы шахтёрлердің қазасына апаттың қатысы жоқ – Қазақмыс

"Қазақмыс" корпорациясы жеті жұмысшының өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа "тау жынысының опырылуы" түрткі болды деген болжамды жоққа шығарды.
Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді.
"Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылу болмағанын анықтады. Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр" деп хабарлады компания.
Айтуынша, құтқарушы бригада тау жыныстарының құлағаны туралы ешқандай айғақ таппаған. Қазір табиғи газдың бөліну ықтималдығы зерттеліп жатыр.
«Біз үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен тығыз байланыстамыз. Қауіпсіздік стандарттарына түзетулер де енгіземіз. Соңғы 3 жылда еңбекті қорғау үшін 87 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, ал биыл 38 млрд теңге көлемінде қаржы жоспарланған болатын», деп мәлімдеді Қазақмыс.
Компанияның мәліметінше, қайтыс болғандардың денесі Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды және Түркістан облысында жақындарына табысталды. Олардың отбасына қаржылай көмек беріліп, олардың несиелері мен ипотекасын өтеу жоспарланып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






