Зеленский ресейлік бірнеше баспа мен шенеуніктерге қарсы санкция енгізді

Қараша 10, 2025 - 10:23
Қараша 10, 2025 - 11:29
Зеленский ресейлік бірнеше баспа мен шенеуніктерге қарсы санкция енгізді
Ukraine Presidency/Bestimage/IMAGO

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің бірқатар кітап баспасы мен жеке тұлғаларға қарсы санкция енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Украина президентінің ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, ол тізімге "Книжный мир", "Вече", "Центрполиграф", "Яуза" және "Питер" баспалары енгізілген, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Зеленскийдің сөзінше, аталған баспалар "агрессияны ақтап, ресейлік үгіт-насихатты әлемге таратып жұмыс істеп жатыр".

"Книжный мир" өзін Ресейдің ең ірі "патриоттық баспаларының бірі" ретінде көрсетеді. Оның авторларының қатарында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтын жазушылар мен саясаттанушылар — Юрий Поляков, Андрей Фурсов, Егор Холмогоров, Сергей Глазьев және басқалар бар.

"Вече" әскери-патриоттық бағыттағы әдебиеттер шығарады, "Центрполиграф" — тарихи және көркем әдебиет басып шығаратын Ресейдің ірі баспаларының бірі.

"Яуза" баспасы Украинадағы соғыс туралы ресейшіл ұстанымдағы кітаптар жариялайды.

"Питер" баспасының авторлары арасында соғысты қолдайтын публицистер — Дмитрий Пучков (Гоблин), Клим Жуков және Армен Гаспарян бар.

Бұған қоса Зеленский қол қойған тағы бір жарлық бойынша ресейлік бірнеше жеке тұлға да санкция тізіміне енгізілді. Олардың арасында Ресейдің Украинадағы оккупациялық әкімшіліктерінің қызметкерлері мен Украинаның бұрынғы Конституциялық сотының төрағасы Александр Тупицкий бар.

Санкция тізіміне сондай-ақ Ресей президентінің арнайы өкілі, АҚШ-пен келіссөздерге қатысып жүрген Кирилл Дмитриев енгізілген. Зеленскийдің айтуынша, Украина санкцияларды әрі қарай күшейту жөніндегі ұсыныстарын Батыстағы серіктестеріне жолдаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow