«Жазадан босатылсын!»: Қамаудағы Жансұлу Дархамбаева сәбилі болды

Маусым 11, 2025 - 17:09
Маусым 11, 2025 - 17:34
«Жазадан босатылсын!»: Қамаудағы Жансұлу Дархамбаева сәбилі болды
Фото: әлеуметтік желі

Желіде "Ұлтаралық араздық" бабымен сотталған Жансұлу Дархамбаеваның сәбилі болғаны туралы ақпар тарады, деп хабарлайды sadaq.kz.

Осы жылдың мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот Новоишимское ауылының 35 жастағы тұрғыны Жансұлу Дархамбаеваны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі Қылмыстық кодекстің 174-ші бабы "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша шыққан, деп жазады Ertenmedia.

Бұған TikTok-та жарияланған видео түрткі болған. Әлгі рөликте Дархамбаева 2025 жылы Кремльдің Қазақстаннан жалға алған кейбір аумағының мерзімі аяқталатынын айтып, Ресей президентінен оларды "қайтаруды" талап еткен.

Видеода: "Егер жерді қайтармасаңдар, о дүниеден хабар күтіңдер" деген пікір айтылған. 

Айыптау құжатында видео авторының айтқан уәжі "орыс ұлтын қорлайтын сипатта" болғаны көрсетілген. Лингвистикалық сараптама да видеодағы сөздің ұлттық ар-намысқа тиіп, араздық қоздыруды мақсат еткенін растаған.

Дархамбаева кінәсін мойындап, өкініш білдіргенімен, сот жүкті әйелдің жазасын жеңілдетпеген. Сот үкімі шыққан кезде келіншектің толғағы жетіп, әні-міні босануға дайын отырған. Соған қарамай, оны оларды сот залында қамауға алып, Петропавлдағы тергеу изоляторына жіберген.

Осы тұста желі қолданушылары Жансұлуға бостандық сұрап, жарыса жазба жариялап жатыр. 

"Жазадан босатылсын!
Аяғы ауыр, босану алдында тұрған әйелге бас еркіндігінен айыру жазасын беру – гуманизм принциптеріне қайшы. Халықаралық Ана мен бала құқы жайлы заңдарға да қайшы. Азаматтық ар-намысқа қайшы!
Ол – Ана, нәзік әйел! Болашақ өмірге келер Сәби Қазақстан азаматы!
ҚР Қылмыстық-атқару кодексі, 167-бап: «Жүкті әйелдерге немесе кішкентай баласы бар әйелдерге жаза өтеу кейінге қалдырылады».
Тілін, елінің намысын қорғаған адам жазаға тартылады да, Қазақ Елі жайлы ауызына келгенді көкіп жүргендер бостандықта.
Бұл жағдай ушыға берсе, Ел ішінде зор қарсылыққа ұласуы мүмкін!
Жігіттер,
Жансұлуға араша түсейік, мықты заңгерлер табайық, керек болса, Қызылжарға барып, жүкті анаға бостандық талап етейік!
Оңашада жаныңды азаптайтын АР соты деген бар. Ар алдында биік болайық!", - деп жазды Ұларбек Дәлейұлы өзінің фейсбук парақшасында. 
Айта кетейік, 35 жастағы Жансұлу Дархамбаева Астана қаласының тумасы. Осыған дейін СҚО-да тұрған. Мамандығы мұғалім.
2025 жылдың қаңтарында TikTok-та жариялаған жазбасы үшін 174-ші баппен қылмыстық іс қозғалып, екі жылға сотталған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow