Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды
Марқұм осыдан бір жарым ай бұрын Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің мәйітін алғашқылардың бірі болып тапқан.
Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеген 33 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесі 30 қазанда тұрғын үйдің жертөлесінен асылған күйде анықталған.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, марқұм осыдан бір жарым ай бұрын Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің мәйітін алғашқылардың бірі болып тапқан.
Полиция аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұл – соңғы бір жарым айда Көкшетауда сот жүйесі қызметкерлеріне қатысты тіркелген екінші өлім жағдайы. Қыркүйек айының ортасында қалалық сот әкімшілігінің басшысы, 27 жастағы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны хабарланған.