«Тамағыма өксік тығылды»: Танымал әзілкеш Мадияр Серікбаевтың қайғысы туралы айтты
Актердің айтуынша, Мадияр Серікбаев сахнада анасынан айырылған баланың рөлін сомдап жатқан кезде, оның да анасының қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
«Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабеков әріптесі Мадияр Серікбаевтың анасы өмірден өткен сәтті еске алды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Актердің айтуынша, Мадияр Серікбаев сахнада анасынан айырылған баланың рөлін сомдап жатқан кезде, оның да анасының қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
«Мадиярдың анасы сахнада ойнап жатқан кезде қайтыс болды. Ол сахнада анасының басына келіп тұрған баланың рөлін ойнап жатыр. “Анашым, кешірші” деп. Сол кезде менің телефоным шырылдап, Мадиярдың әпкесі хабарласты. Телефонды көтерсем, “Мамадан айырылып қалдық” дейді. Әлі Атырауда қоятын екі сеансымыз бар еді. Сол екі сеанс бойы Мадиярға ештеңе айтпадық. Мәкең гримін сүртіп отырғанда, театр болып кіріп келдік. “Мәке” деп едік, “Қойшы” деді. Бауырыңның басына осындай жағдай түскенін көргенде, тамағыңа өксік тығылады екен. Ол да мұндай жаңалықты күткен жоқ. Анасы қатты ауырып, жүре алмай қалған еді», – деді Жанболат Найзабеков.