«Жұмыстарының ғылыми дәлелі жоқ»: Министр Алтай Айнабектің үндеуіне жауап берді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қоғамда "жаңбыр адамы" деген атпен танылған Алтай Айнабектің оңтүстік өңірлерде қуаңшылық болады деген мәлімдемесіне пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде Алтай Айнабек пен оның әріптестері Үкіметке үндеу жолдап, жазда болуы ықтимал қуаңшылықтың алдын алу үшін қолдан жаңбыр жаудыратын технологиясына қолдау көрсетуді сұраған видео кеңінен тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астанада өткен Қазақстанның су секторын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында журналистер министрден осы мәлімдеме туралы сұрады.
"Аталған азаматтың ұсынған әдістерінің ғылыми дәлелі жоқ. Біз оған Тараз қаласында орналасқан ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесе отырып, әдістемесін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуді ұсындық. Алайда бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ", – деді Нұржан Нұржігітов.
Министр сонымен қатар Алтай Айнабек таратқан қуаңшылық туралы болжамға да түсініктеме берді.
"Оңтүстік өңірлермен шекаралас елдердің су қорына қатысты мәліметтерін саралап жатырмыз. Ортақ болжам бойынша, биыл су көлемі норманың 87 пайызын құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 89 пайыз болған. Яғни айырмашылық – 2 пайыз. Бұл – "Қазгидромет", "Узгидромет" және "Қырғызгидромет" қызметтерінің болжамдарына негізделген. Сонымен қатар 1 сәуірдегі жағдай бойынша, еліміздің су қоймаларында былтырмен салыстырғанда 1 миллиард 388 миллион текше метрге артық су жиналды. Бұл — біздің қосымша қорымыз. Осы деректерге сүйене отырып, вегетациялық кезең былтырғы деңгейде өтеді деп болжап отырмыз", – деді министр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






