10 жастағы тәжік баланың өлімі: қазақстандықтар Тәжікстан елшілігіне гүл шоқтарын қойып жатыр
Қазақстандықтар Астанадағы Тәжікстан елшілігіне гүл шоқтары мен балалар ойыншықтарын әкеліп, ұлтаралық өшпенділік салдарынан қаза тапқан 10 жастағы Қобилджон Әлиевтің отбасына көңіл айттып, қайғысына ортақтасып жатыр.
Бұл қадамға әлеуметтік желідегі тұрғындардың бірінің азаматтық үндеуі бастама болған.
"Кішкентай бала көз жұмды. Анасы жалғыз қалды. Бұл – өте қорқынышты жағдай. Threads-тің күшіне сенемін. Тәжікстан елшілігінің алдына барып, баланың рухына тағзым етейік. Репост жасауларыңызды сұраймын", – деп жазған mirazhaxylyk атты қолданушы.
Newtimes.kz сөзінше, игі бастама тез арада қолдау тауып, жұрт Threads платформасы арқылы елшілікке бірге баруға уағдаласқан. Осы үндеуі бар жазба шамамен 10 мыңға жуық лүпіл жинаған.
Елшілік қызметкерлері жиналғандарға кедергі келтірмей, жағдайды сырттай бақылап отыр. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция кезекшілік атқаруда.
Ресейдің Мәскеу облысында мектепте болған шабуыл салдарынан 10 жастағы тәжікстандық оқушы көз жұмған еді.
Оқиға 16 желтоқсанда Одинцово қалалық округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успен орта мектебінде болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 10-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келіп, алдымен күзетшіні жаралаған, кейін газ баллонын шашып, бастауыш сынып оқушыларына шабуыл жасапты. Соның салдарынан 4-сыныпта оқыған Кобилджон Әлиев алған жарақаттарынан көз жұмды.
Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны «ұлт араздық негізіндегі шабуыл» деп бағалап, Ресейдегі елшісін шақырып, ресми нота тапсырды.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі қайғылы қазаны объективті түрде тергеуді талап етті. Ведомствоның мәлімдеуінше, олар ұлттық араздыққа негізделген шабуыл сол жерде қаза тапқан тәжік азаматы Әлиев Кобилджонға қарсы қасақана жасалған деп айыптайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0